Accessibility links

АҚШ конгресі Савченконы қолдап қарар қабылдады


Надежда Савченко Ростов облысы Донецк қаласындағы сотта тұр. Ресей, 22 қыркүйек 2015 жыл.
Надежда Савченко Ростов облысы Донецк қаласындағы сотта тұр. Ресей, 22 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы сейсенбі күні мақұлдаған қарарда украиналық ұшқыш Надежда Савченконы Ресейде заңсыз қамауда ұстауды айыптап, оны дереу босатуға шақырған.

Қарарды ұсынғандардың бірі, конгресс мүшесі әрі АҚШ демократиялық партиясының өкілі Сэнди Левин Надежда Савченконы «тәуелсіз Украинаның рухын білдіруші» адам деп сипаттаған. Тегі украиналық америкалық азаматтар едәуір тұратын Мичиган штатынан конгреске сайланған Левин өзі және сайлаушылары ұзақ уақыттан бері түрмеде отырған Савченконың денсаулық жағдайына алаңдайтынын мәлімдеген.

«Ресей оны жоққа шығарып келе жатқанымен, Савченконың саяси тұтқын екені шүбәсіз, Ресей Украинаға қарсы созылып кеткен басқыншылығында оны саудаға салып отыр» делінген конгресс мүшесінің мәлімдемесінде.

Ресейдің Ростов облысында сейсенбі күні Надежда Савченконың ісі бойынша сот тыңдауы басталды. 2014 жылдың маусымынан бері Ресейде қамауда отырған Савченкоға «Украинаның шығысындағы ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар» және «шекарадан заңсыз өткен» деген айыптар тағылған.

Савченко журналистер қазасына қатысы жоғын және өзін ресейшіл сепаратистер ұстап, шекарадан Ресейге еркінен тыс әкелгенін мәлімдеген. Ол өзін ұстауға қарсылық танытып, түрмеде 80 күннен аса уақыт аштық ұстаған.

XS
SM
MD
LG