Accessibility links

"Локомотив" қазасына жалғыз айыпталған адам амнистияға ілінді


«Як сервис» әуе компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Вадим Тимофеев.
«Як сервис» әуе компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Вадим Тимофеев.

Ресейдің Ярославль қаласында 2011 жылы «Локомотив» хоккей клубы ойыншылары мерт болған Як-42 реактивті ұшағы апатына қатысты істі қараған сот «Як сервис» әуе компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Вадим Тимофеевті бес жылға қоныстандыру колониясында жазасын өтеуге үкім шығарды. Үкім шығысымен Вадим Тимофеев рақымшылыққа ілікті деп хабарлады «Интерфакс» агенттігі.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Тимофеевті алты жылға қоныстандыру колониясына кесуді, ал ұшақ апатында қаза тапқандардың туыстары сотталушыға шартты жаза беруді сұраған.

«Локомотив» хоккей командасы мүшелері қаза тапқан ұшақ апатына қатысты істе Вадим Тимофеев жалғыз айыпталушы болған. Тергеу болжамы бойынша, ол ұшақ экипажына ұшуға рұқсатты заңсыз берген, ұшақ командиріне жарамасыз құжаттар негізінде ұшу қағаздарын толтырған. Тимофеев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

«Локомотив» хоккей командасы ойыншылары мен жаттықтырушылары мінген Як-42 жолаушылар ұшағы 2011 жылы қыркүйектің 7-і күні Ярославль қаласы әуежайынан әуеге көтеріле бергенде апатқа ұшыраған еді. Ұшақта болған 45 адамнан тек бортинженер Александр Сизов қана тірі қалған болатын.

XS
SM
MD
LG