Accessibility links

"Алаяқтық" айыбы тағылған әкім орынбасарының соты өтіп жатыр


«Алаяқтық» айыбы тағылған Нұра ауданы әкімі орынбасарының ісін қарап отырған судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.
«Алаяқтық» айыбы тағылған Нұра ауданы әкімі орынбасарының ісін қарап отырған судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Қарағанды облысының Осакаров аудандық сотында бүгін Нұра ауданы әкімінің орынбасары Хакім Бековтің үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қозғалған істі қарау басталды. Бұл істе Нұра ауданы тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Дәулет Жапанов жапа шегуші тарап болып саналады.

Жапановтың айтуынша, аудан әкімі мен орынбасары жер телімін ұзақ уақытқа жалға алу жөніндегі конкурста жеңесің деген уәде айтып, одан жылқы сұраған. Жапа шегуші жылқы сатып алып, шенеуніктерге бергенімен конкурста жеңе алмағанын, кейін әкімге жолығып, одан жылқыны немесе оның ақшасын қайтаруды сұрағанымен жауап болмағанын айтады. Бұл іспен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті бөлімшесі айналысқан.

Іс материалдарында Дәулет Жапанов шенеуніктер ақшасын қайтармаса олардың үстінен Қарағанды облысы әкіміне шағым түсіретінін айтқан соң ғана әкім орынбасары Хакім Беков оған мың жарым доллар және 75 мың теңге бергені айтылған.

Сотқа айыпталушы ретінде тек аудан әкімінің орынбасары ғана қатысып отыр. Ол басшысына қарсы куәлік бермегендіктен, Нұра ауданы әкіміне қатысты сотқа дейінгі өндіріс тоқтатылған.

Хакім Беков өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, даулы жылқы фермерден корпоративтік шара өткізу үшін сатып алынған болатын дейді.

XS
SM
MD
LG