Accessibility links

Назарбаев халықты Құрбан айтпен құттықтады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты Құрбан айт мерекесімен құттықтады деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Назарбаев халыққа құттықтауында Қазақстанда өзінің шешімімен Құрбан айттың алғашқы күні – демалыс күні болып жарияланғанын айтып, қазіргі кезде бұл мереке Қазақстан халқының бірлігін, түрлі этностар мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп келе жатқанын, Құрбан айт адамдарды кеңпейілділік пен қайырымдылыққа тәрбиелеп, ізгілікке жетелейтінін атап өткен.

«Бұл мереке мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты гуманистік дәстүрлерді нығайтуға елеулі үлес қосып, қоғамдағы имандылық бастауларын нығайтатын ізгі ниет пен игілікті амалдарда көрініс табады. Ислам дінінің осындай жасампаз әлеуеті рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға, отансүйгіштік рухына негізделе отырып, қоғамдағы татулық пен конфессияаралық келісімді өркендетуге одан әрі қызмет ете береді деп сенемін» деген Назарбаев.

Бүгін күндіз президент Назарбаев Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде болып, Аллаға мінәжат жасады деп хабарлады қазақстандық ақпарат құралдары.

Бұл күні Қазақстандағы қалалар мен ауылды жерлердегі мешіттерде құрбан айт намазы оқылды. Діни салт-дәстүр бойынша, Құрбан айтта мұсылмандар мал сойып, құрбан шалады. Айт күні әр мұсылманның үйінде мерекелік дастархан жайылып, жұрт бір-бірін құттықтап, туыс-таныстарының үйін аралап, игі тілек тілейді.

Астанадағы Әзірет сұлтан мешітінде өткен айт намазы:

XS
SM
MD
LG