Accessibility links

Си Цзиньпин: Қытай шетел инвестициясына жағдай жасайды


Қытай басшысы Си Цзинпинь. Сиэтл, АҚШ, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Қытай басшысы Си Цзинпинь. Сиэтл, АҚШ, 22 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ-қа ресми сапармен барған Қытай президент Си Цзинпинь өз елі шетелдік инвестициялар үшін бұрынғыдан да қолайлы мүмкіндіктер жасауға әзір екенін мәлімдеген.

Сапар басын Сиэтл қаласынан бастаған Қытай басшысы сонда америкалық және қытай кәсіпкерлерімен кездесіп, жолаушылар ұшағын жасап шығаратын Boeing корпорациясының зауытында болған. Apple корпорациясының жетекшісі Tим Кук, Berkshire Hathaway басшысы Уоррен Баффет және басқа бизнесмендер алдында сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин америкалық іскерлерді Қытай шетелдік инвесторларға шектеулерді босаңсытады деп сендіруге тырысты.

«Біз жаңа ашық экономикалық жүйе құруға, шетелдік инвестициялар реформасына серпін беріп, шетелдік инвестицияларға салынған шектеулерді азайтуға қажеттінің бәрін жасайтын боламыз» деген ол.

Си Цзиньпин шетелдік инвесторлар үшін жабық болып келген өнеркәсіп салалары мен кәсіпорындар санын күрт қысқартып, зияткерлік меншік құқығын қорғауды айтарлықтай күшейтуге уәде берген.

Boeing корпорациясы Си Цзинпиннің Сиэтлге келуіне орайластырып, өзінің шетелдегі алғашқы зауыты Қытайда ашылатыны туралы жариялаған. Онда Boeing-737 ұшағының құрастыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл шешімді америкалық кәсіподақтар мен АҚШ президенттігіне кандидаттардың кейбірі сынға алып, Boeing корпорациясын «жұмыс орындарын Қытайға әкетіп жатыр» деп айыптаған.

Қытай басшысы Си Цзинпин қыркүйектің 25-і күні Ақ үйде АҚШ президенті Барак Обамамен кездеспек. Ал қыркүйектің 28-інде ол Нью-Йоркте БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толуына арналған Бас ассамблеяның сессиясында сөз сөйлейді деп жоспарланған.

XS
SM
MD
LG