Accessibility links

Орталық Азиядан барғандар "Әл-Нусра майданына" кірген


Сириядағы «Әл-Нусра майданы» адамдары. (Көрнекі сурет)

Сириядағы «Әл-Нусра майданы» адамдары. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан, Тәжікстан мен Шешенстаннан барған мың жарымға жуық адам «Әл-Қайда» ұйымының Сириядағы бөлімі – «Әл-Нусра майданы» қозғалысына адал болуға ант берген деп хабарлады бақылаушылар.

Syrian Observatory for Human Rigths құқыққорғау ұйымының хабарлауынша, «Муджахирин» тобының содырларының «Әл-Нусра майданына» адал болатыны туралы мәлімдемесін жақтастары интернет арқылы таратқан.

Осылайша «Әл-Нусра майданы» Сирия мен Ирактың бірталай аумағын бақылауда ұстап отырған тағы бір радикалдық қарулы ұйым – «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресте өзіне жақтас тауып отыр. «Муджахирин» содырларының «Әл-Нусра майданына» қосылуы Сирияның Алеппо қаласы үшін екі топ арасындағы күресте шешуші роль атқаруы мүмкін.

«Әл-Қайданың» бұрынғы басшысы Осама бин Ладеннің мұрагерлері жағындағы «Әл-Нусра майданы» мен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Сирияда үкіметке қарсы қарулы күрес жүргізіп жатқан ең ірі күштер саналады. 2013 жылы негізінен билікке таластан соң әрқайсысы жеке бөлініп кеткен бұл екі топ өзара жауығып алған.

Маусым айында «Әл-Нусра майданы» қозғалысының жетекшісі өз қатарындағылардың 30 пайызға жуығы Азия елдерінен келген шетелдіктерден, сонымен бірге ресейліктер, оның ішінде шешендерден құралатыны туралы мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG