Accessibility links

Ресей: Лев Шлосберг депутат мандатынан айырылды


Ресейлік саясаткер Лев Шлосберг.
Ресейлік саясаткер Лев Шлосберг.

Ресейдің Псков облыстық депутаттар жиналысы бүгін осы органның мүшесі, «Яблоко» партиясының өкілі Лев Шлосбергті депутаттық мандатынан айырды.

Оны мандатынан айыру туралы құжатты «Единая Россия», Ресей компартиясы, ЛДПР және «Справедливая Россия» фракциялары әзірлеген. Олардың пікірінше, Шлосберг сот процесіне қорғаушы немесе өкіл болып қатысу туралы тыйымды бұзған.

Бұған дейін Псков облыстық прокуроры «Возрождение» үкіметтік емес ұйымын қорғап сот процесіне қатысқаны үшін Лев Шлосбергке «шара қолдануды» сұраған.

Шлосберг өзін депутаттық мандаттан айыруға еш негіз жоқ деп санайды. Саясаткер «Возрождение» үкіметтік емес ұйымының құрылтайшысы ретінде сотқа қатысқанын және соттың екі түрлі құрамы оның сотқа өкіл ретінде қатысуын заңды деп танығанын айтады. Сонымен бірге, Ресей федералдық заңында сотқа өкіл ретінде қатысқаны үшін депутатты мерзімінен бұрын мандатынан айыру туралы бап қарастырылмағанын алға тартады.

Кремльдің ішкі-сыртқы саясатын, сонымен бірге Псков облысының губернаторы Андрей Турчакты өткір сынап жүрген Лев Шлосберг бұған дейін Азаттыққа сұхбатында өзін депутаттар қатарынан шығарған жағдайда ондай шешімнің заңсыз екенін дәлелдеуге тырысатынын айтқан еді.

2014 жылы Украинадағы соғысқа қатысып, мерт болды делінген ресейлік екі сарбаздың жасырын жерленгенін жұртқа жариялаған соң көп ұзамай Лев Шлосбергті әлдекімдер соққыға жығып кеткен еді. Ауыр соққыдан қатты зардап шеккен саясаткер өз пікірінен таймай, күресті жалғастыра беретінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG