Accessibility links

Ресейлік БАҚ: Киевті наразы еткен оқулық мемлекеттік сараптамадан өткен


Қазақстанның «Мектеп» баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.
Қазақстанның «Мектеп» баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаров Қырым түбегі «Ресей территориясы» деп көрсетілген қазақстандық мектеп оқулықтары елде мемлекеттік сараптамадан өткенін айтқан. Бұл туралы ресейлік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі де, білім және ғылым министрлігі де Украина елшілігінің қазақстандық мектеп оқулықтарындағы «ресейлік Қырым» туралы нотасына қатысты әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.

Қыркүйектің 25-і күні Украинаның Қазақстандағы елшілігі «Мектеп» баспасынан шыққан қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырым автономиялық республикасының «Ресей федерациясының субъектісі» ретінде жазылғанына байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдаған.

Қазақстандық оқулықтағы Қырымға қатысты ақпарат «халықаралық қауымдастық пен Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан билігінің ұстанымына да қайшы келетінін» білдірген Украина тарабы Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен білім және ғылым министрлігінен даулы оқулықтарды мектептен дереу қайтарып алуды сұраған.

Бұған дейін Азаттық Қазақстанда былтыр және биыл «Мектеп» баспасынан шыққан орта мектепке арналған үш оқулық – 11-сыныпқа арналған «Қазіргі дүние географиясы» мен «Дүниежүзі тарихы» оқулықтары және 10-сыныпқа арналған «География» оқулығында Қырымның «Ресей аумағы» деп көрсетілгені туралы жазған.

XS
SM
MD
LG