Accessibility links

Эстония мен Ресей тұтқын алмастырған


Эстония азаматы Эстон Кохвердің Мәскеу сотында тұрған кезі. Ресей, 11 қыркүйек 2014 жыл.

Эстония азаматы Эстон Кохвердің Мәскеу сотында тұрған кезі. Ресей, 11 қыркүйек 2014 жыл.

Ресей «тыңшылық» айыбымен соттаған Эстония азаматы Эстон Кохверді Эстонияда «Ресейге құпия мәліметтер берді» деген айыппен сотталған Эстония ішкі істер министрлігінің бұрынғы офицері Алексей Дрессенге айырбастап алды. Бұл туралы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) айтты деп хабарлады ТАСС агенттігі.

Екі тарап тұтқындарды бүгін, қыркүйектің 26-сы күні, Псков облысындағы Пиуза өзені арқылы өтетін көпірдегі «Куничина гора» шекаралық бекетінде өзара айырбастаған.

Эстония қауіпсіздік полициясының (КАПО) қызметкері Эстон Кохвер 2014 жылы қыркүйекте ұсталған. ФСБ оны «тыңшылық операция жүргізген» деп айыптаған. Эстония билігі болса елдің «Лухамаа шекаралық бекеті маңында тапсырмада жүрген Кохверді ресейлік арнайы қызмет өкілдері ұстап, Ресейге заңсыз алып кеткен» деп мәлімдеген. Таллинн Мәскеуден Эстон Кохверді дереу босатып, Отанына қайтаруды талап еткен.

Биыл тамыз айында Ресейдің Псков облыстық соты Эстон Кохверді «тыңшылық», «контрабанда» және «заңсыз қару сақтау», сонымен бірге «шекарадан заңсыз өту» қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

2012 жылы шілде айында Эстонияның Харью уезінің соты эстон полициясының бұрынғы қызметкері Алексей Дрессенді «мемлекетке опасыздық жасағаны» үшін 16 жылға түрме жазасына кескен болатын.

XS
SM
MD
LG