Accessibility links

ХВҚ Молдовамен келісімге қол қоюдан бас тартты


Кишинев орталығында тігілген шатырлар. 25 қыркүйек 2015 жыл.
Кишинев орталығында тігілген шатырлар. 25 қыркүйек 2015 жыл.

Халықаралық валюта қорымен (ХВҚ) қаржы көмегі жөнінде келісім жасасуға деген Молдова үкіметінің талпынысы тағы да нәтижесіз аяқталды. Былтырғы қаңтар айынан бері Кишинев екі рет осындай әрекет жасағанымен сәтсіздікке ұшыраған еді.

ХВҚ келісімге қол қоюдан бас тартуының себебін қор делегациясының Кишиневке сапары қарсаңында Молдова Ұлттық банкі жетекшілігінің отставкаға кетумен түсіндіреді. Бұған дейінгі келіссөздер үкімет жетекшісі Кирилл Габуричтің қызметтен кетуі және Молдованың банк жүйесіндегі дағдарыстың шиеленісуі кесірінен үзіліп қалған еді.

Америкалық «Кролл» аудиторлық компаниясы Молдовада мемлекетке бағынышты үш банктен миллиард еуроның қайда жоғалып кеткенін тексеруді жалғастырып жатыр. Тамыз айында ХВҚ қорының талабы бойынша жабылған үш банктің – Banca de Economii, Banca Sociala және Unibank – Молдова қаржы министрлігі мен Ұлттық банкіне қарызының сомасы елдің жалпы ішкі өнімінің 24 пайызына жуық қаржыны құрайды. Молдованың жалпы ішкі өнімінің көлемі – 8 миллиард долларға таяу деп бағаланады.

Молдова бұған дейін ХВҚ-мен жасасқан келісімінің соңғы траншы – 76 миллион долларды әлі алған жоқ. Молдова экономикасының қажеті үшін деп мұның алдында бөлінген қаржының қалай жұмсалғанына халықаралық кредиторлар разы емес.

Соңғы апталарда Молдова тұрғындары биліктегі «жаппай коррупцияға қарсы» шерулер өткізіп, Кишинев қаласының орталығында екі жерден шатырлар тігіп қойды. Олар үкіметтің отставкаға кетуін және ұшты-күйлі жоғалған миллиард еуроны тауып, қазынаға қайтаруды талап етіп жатыр. Бір лагерьде Молдованың Еуропаға жақын болуын қалайтындар орналасса, екіншісінде – Ресейге бүйрегі бұратындар жайғасқан.

XS
SM
MD
LG