Accessibility links

Ресейде сайлау нәтижесіне наразылық білдірді


Сайлауға дауыс беру. Благовещенск, 13 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сайлауға дауыс беру. Благовещенск, 13 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің Амур облысы Благовещенск қаласында бүгін «Әділ сайлау үшін» митингіне 200-ге жуық адам қатысты деп хабарлады аймақтық ішкі істер басқармасы.

ЛДПР партиясы ұйымдастырған митингке қатысушылар Ресей орталық сайлау комиссиясы мен президент әкімшілігінен Амур облысы басшысын сайлау қортындыларын қайта қарап, сайлаудың екінші кезеңін өткізуді талап еткен.

Ресми мәлімет бойынша, қыркүйектің 13-і күні өткен Амур облысы губернаторы сайлауында биліктегі «Единая Россия» партиясының кандидаты Александр Козлов жеңіске жеткен.

ЛДПР партиясы сайлаудың ресми нәтижесін мойындаудан бас тартып, дауыс беру кезінде сайлау учаскелерінде жаппай бұрмалаушылықтар болғаны туралы мәлімдеген. ЛДПР өкілдерінің айтуынша, аймақтық билік орындары берілген дауысты қайта санаудан бас тартқан.

Ал бүгін Иркутск облысында губернатор сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл орынға «Единая Россия» партиясынан аймақтың уақытша басшысы Сергей Ерощенко мен Ресей федерациясы коммунистік партиясынан Мемлекеттік дума депутаты Сергей Левченко түсіп жатыр.

Облыстық сайлау комиссиясына жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00 шамасында екі кандидаттың өкілдерінен түскен шағымдар саны 13-ке жеткен. Оларда негізінен сайлаушыларды дауыс беретін жерге ұйымдастырып әкелу, дауыстарды сатып алу және заңсыз үгіт туралы айтылған.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Эдуард Девицкий «әзірше ешбір заң бұзу оқиғасы дәлелденген жоқ» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG