Accessibility links

Назарбаев: Қазақстанда азаматтық қоғам дамуына жағдай бар


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сочи, 16 қыркүек 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сочи, 16 қыркүек 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ саммитіне қатысып сөз сөйледі.

Назарбаев саммитте Қазақстанның "мемлекеттілігі нығайып, азаматтық қоғамның дамуына қажет жағдайлар жасалғанын" айтқан. Оның сөзінше, республиканың ішкі жалпы өнімі "19 есеге ұлғайып", халықтың жан басына шаққандағы табысы "13 мың долларға жеткен" және кедейшілік деңгейі "34 пайыздан 3 пайызға дейін азайған". Ол бұған қоса қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асып, ана мен бала өлімі 65 пайызға азайғанын жеткізген.

Қазақстан президенті саммитте Арал теңізі мәселесін де қозғаған. Ол теңіздің тартылуы аймаққа ғана емес, әлемге қауіп төндіретінін айтқан. Назарбаевтың сөзінше, Аралдың тартылуынан жыл сайын ауаға 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұз таралып, жайылады.

- Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірді. Біз БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыруда белсенді ынтымақтастық орнаттық. Орталық Азия елдеріне бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек қажет, - деді Назарбаев.

Президент Еуразия экономикалық одағын, Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Еуропа Одағын 21-ғасырдың Үлкен Еуразия деп аталатын біртұтас интеграциялық жобасына бірігуі де қажет деген.

Назарбаев қазіргі миграциялық дағдарыс Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі қақтығыстар салдарынан ғана емес, мемлекеттер дамуындағы теңсіздіктерден де туындар отырғанын айтқан. Назарбаев бейбітшілік проблемаларын зерттейтін Стокгольм институтының 2014 жылы барлық мемлекеттердің қорғаныс саласына жұмсаған шығыны 1,7 триллион доллардан асты деген дерегін келтірген.

Назарбаев БҰҰ саммитіне қатысу үшін Нью-Йоркке 26 қыркүйекте барған.

XS
SM
MD
LG