Accessibility links

Кундузды қайтарып алу операциясы кідіріп қалды


Кундуз қаласында тұрған ауған әскерилері. Ауғанстан, 29 қыркүйек 2015 жыл.

Кундуз қаласында тұрған ауған әскерилері. Ауғанстан, 29 қыркүйек 2015 жыл.

Ауғанстан әскерінің елдің солтүстігіндегі "Талибан" жасақтары басып алған Кундуз қаласына қарсы шабуылы қосымша күш бөгелгендіктен кідіріп қалды.

Кейбір ақпараттар бойынша, үш күн талибтермен соғысқан 5 мыңға тарта ауған сарбазы Кундуз әуежайында шоғырланып тұр. Ал көршілес Бағлан уәлаятынан келетін қосымша әскери күшке талибтер шабуыл жасап, кешігіп жатыр.

АҚШ армиясының ресми өкілі, полковник Брайан Трибус өткен түні "Талибан" позицияларына тағы екі рет әуеден шабуыл жасалғанын хабарлады. Оның сөзінше, қазір америкалық және НАТО әскери кеңесшілері Кундуздың маңында ауған әскеріне кеңес беріп жүр.

Ал Ауғанстан парламенті депутаттары президент Ашраф Ғанидан Кундуздың құлауына байланысты отставкаға кетуді талап етіп жатыр.

Кундуз - "Талибан" 2001 АҚШ-тың антитеррорлық операциясынан соң биліктен айырылғасын қайта басып алған ең ірі уәлаят орталығы.

Ашраф Ғанидың баспасөз хатшысының орынбасары Саид Зафар Хашеми президент Кундуздың бір күн ішінде қалай тез құлағанын тергеуге бұйрық бергенін хабарлады.

Ауғанстанның солтүстігін орталығымен жалғап тұрған күре жолдар басып өтетін Кундуз уәлаяты солтүстігінде Тәжікстанмен шектеседі. Тәжік билігі 29 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасына Кундуздағы жағдайға байланысты "ешқандай қауіп төніп тұрмағанын" және аймақтағы жағдайды мұқият бақылауда ұстап тұрғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG