Accessibility links

Ахметов ісі: "Жәбірленуші" өзін соттан босатуды сұрады


Серік Ахметов ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Серік Ахметов ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісі бойынша "жәбірленуші", кәсіпкер Тұран Сәдуов бүгін Қарағандыда өтіп жатқан сотта "жәбірленуші" мәртебесінен бас тартқысы келетінін айтып, судьядан өзін сотқа қатысудан босатуды сұрады. Сәдуовтің сөзінше, өзі басқаратын, "ЕвроСтандарт-Караганда" компаниясынан жолға төсейтін плита сатып алған компания "тергеуде айтылғанда" жарты миллион теңгеден астам пайдадан қағылмаған. Ахметов ісінде "ЕвроСтандарт-Караганда" компаниясының аты аталады. Сәдуов сотта алғашқы тергеуде өзінің "жәбірленуші" болудан бас тартқанын, бірақ ол кезде "ешкім сөзін тыңдамағанын" айтты.

Судья Исламхан Есенбаев Сәдуовке өзін соттан "жәбірленуші" қатарынан шығарып тастауды сұрап өтініш жазуға кеңес берді.

Бүгін сотта бұл іс бойынша бірнеше сотталушы сот материалдарына қосылған ұялы телефоннан алынған мәліметтердің, қоңыраулар мен хат-хабарлардың уақыты мен күнінің растығына күмән келтірді. Олар бұған қоса сотта сөйлеуге дайындалу үшін сот залында ноутбук қолдануға мүмкіндік барын білу үшін өтініш берді.

Серік Ахметов пен Қарағанды облысы мен қаласындағы бұрынғы шенеуніктердің ісіне қатысты іс тамыз айында басталған. Сотта барлығы 21 адамға «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған, «бюджет қаржысын жымқырған» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» деген айыптар тағылып отыр. Бұларға қоса, Серік Ахметов «аса ірі көлемде пара алған» деген күдікке ілінген. Сот тыңдауы барысында сотталушылардың кейбіреулері тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеп, кейбірі бұған дейінгі берген куәліктерінен бас тартқан.

XS
SM
MD
LG