Accessibility links

Парижде "норман төрттігі" самитті өтті


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (сол жақтан екінші), Украина президенті Петр Порошенко (оң жақтан екінші) және Франция президенті Франсуа Олланд (оң жақта) Париждегі кездесуде отыр. 2 қазан 2015 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (сол жақтан екінші), Украина президенті Петр Порошенко (оң жақтан екінші) және Франция президенті Франсуа Олланд (оң жақта) Париждегі кездесуде отыр. 2 қазан 2015 жыл.

Жұма күні Парижде Германия канцлері Ангела Меркель, Ресей президенті Владимир Путин, Украина президенті Петр Порошенко және Франция президенті Франсуа Олландтың қатысуымен кездесу өтті.

Жиыннан соң баспасөз мәслихатында Франция президенті Украинаның шығысындағы жанжалды бейбіт реттеу процесіне негізгі кедергі болып отырған мәселе – ресейшіл сепаратистердің қазанның 18-іне тағайындаған «жергілікті сайлауы» өтпеуі тиіс деп мәлімдеді. Олландтың пікірінше, сайлау Украинаның тиісті заңына сәйкес өткізілуі керек.

Бұған қоса Олланд Минск келісімдері «тек атысты тоқтатып, қару-жарақты алып кету ғана емес, сонымен бірге саяси процесс және сайлау өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету» екенін айтқан.

«Біз Украинаның шығыс аймағында Минск келісімін құрметтемейтін шарттарға негізделген сайлаулар өткізуді қаламаймыз» деген Олланд, сол себепті, Минск келісімінің аяқталу мерзімін әу баста белгіленген 2015 жылдың 31 желтоқсанынан ары қарай жылжытуға тура келетінін айтқан.

Германия канцлері Ангела Меркель Сирия мен Украина мәселелері бір-біріне қатысы жоқ екі бөлек екенін және Батыс елдері Сирия дағдарысының саяси шешіміне қажетті қолдауға бола Украина мәселесінде Ресейдің ығына жығылмайтынын мәлімдеген. Ол сонымен бірге Сириядағы азаматтық соғысты тоқтату жөніндегі диалогқа президент Башар Асадты қатыстыру «ол қызметінде қалуы керек дегенді білдірмейтінін» айтқан.

Украина президенті Петр Порошенко өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасында» 18 қазанға сепаратистер белгілеген «сайлау» өтпейді деп үміттенеді деп хабарлады оның баспасөз хатшысы. УНН агенттігі президент Порошенко Париж кездесуінің қортындысы жайлы сөзінде «норман төрттігі» Донецк облысында сайлауды Украина заңнамасы бойынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылауымен өткізуді қолдағаны туралы айтқанын келтірген.

Ресей президентінің баспасөз хатшысының хабарлауынша, Владимир Путин «сайлау өткізу мәселесі жөнінде» «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» өкілдерімен пысықтауды тапсыруға уәде еткен.

«Норман төрттігі» елдері сыртқы істер министрлері қараша айында кездесу өткізеді деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG