Accessibility links

Кишиневте наразылар орталық даңғылды жапты


Биліктегі коррупцияға наразылық жиыны. Кишинев, 6 қыркүйек 2015 жыл.

Биліктегі коррупцияға наразылық жиыны. Кишинев, 6 қыркүйек 2015 жыл.

Кишиневтің орталығындағы даңғылды демонстранттар жауып тастап, жол өтетін бөлігіне шатырлар тігіп қойды. Акцияны Молдова социалистер партиясы мен «Біздің партия» жақтастары өткізіп жатыр. Олар бұған дейін парламент пен ауыл шаруашылығы министрлігі ғимараттары алдына шатырлар тігіп тастаған.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, наразыларға билік тарапынан қойылған шарт мерзімі біткен соң, жұма күні кешке бірнеше жүз полиция қызметкері шатырлар тігілген жерге барған. Наразылықты ұйымдастырушылар егер Молдова президенті Николае Тимофти отставкаға кетпесе олар қосалқы жоспарды іске асыруды бастайтындарын мәлімдеп, ол қандай жоспар екенін кейінірек екі партияның жетекшілері Игорь Додон мен Ренато Усатый өткізетін баспасөз мәслихатында жариялауға уәде еткен.

Солшыл екі партия наразылық акциясын қыркүйектің 25-і күні бастаған. Олар президент пен үкіметтің отставкаға кетулерін және кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді талап етіп жатыр. Дәл осындай талаппен «Ар-намыс және әділеттілік» азаматтық қозғалысы қыркүйектің 6-сынан бері наразылық акцияларын өткізіп келеді. Бұл қозғалыстың белсенділері Кишиневтің орталығындағы Ұлы Ұлттық жиналыс алаңына бірнеше жүз шатыр тігіп қойған. Жексенбі, қазанның 4-і күні қозғалыс кезекті наразылық шеруін өткізбекші.

XS
SM
MD
LG