Accessibility links

Британ министрі Сириядағы Ресей әуе соққысын айтты


Ресей әсери ұшағына бомба тиеп жатқан әскерилер. Видеодан скриншот.

Ресей әсери ұшағына бомба тиеп жатқан әскерилер. Видеодан скриншот.

Сирия жерінде Ресей әскери ұшақтарының әуеден жасаған әр 20 соққысының тек біреуі ғана «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының шебіне түседі. Бұл туралы Ұлыбритания қорғаныс министрі Майкл Фэллон мәлімдеді деп хабарлайды France Presse.

Британдық Sun газетінде бүгін жариялаған сұхбатында Фэллон ресейлік ұшақтардың әуе шабуылы барысында жасаған соққыларының тек бес пайызға жуығы «Ислам мемлекетін» нысанаға алғаны туралы британ барлау қызметінің деректерін келтірген. Әуе шабуылдарынан негізінен бейбіт тұрғындар мен Башар Асад күштеріне қарсы күресіп жатқан «Еркін Сирия армиясы» жауынгерлері қаза болған.

«Біз әуе шабуылдарын күнделікті таңертең талдаймыз. Олардың басым көпшілігі ИМ-ге еш қатысы жоқ. Біздің деректеріміз бойынша, олар Асадпен соғысып жүрген «Еркін Сирия армиясы» күштеріне бомбалар тастап жатыр» деген британ қорғаныс министрі. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин «Асадты күшейтіп, қайғы-қасіретті көбейткен».

Қазіргі кезде Ұлыбритания Сириядағы халықаралық коалицияның әуе шабуылдарына қатысып отырған жоқ. Бірақ, қорғаныс министрі Майкл Фэллоннің пікірінше, Сириядағы халықаралық коалиция операцияларына британ әуе күштері де қосылуы тиіс.

XS
SM
MD
LG