Accessibility links

Астанада ұсталған 500-ден аса заңсыз мигрант елден шығарылған


Полиция рейді барысында анықталған заңсыз мигранттар. (Көрнекі сурет)
Полиция рейді барысында анықталған заңсыз мигранттар. (Көрнекі сурет)

Астана қаласында 28 қыркүйек - 2 қазан аралығында жүргізілген жедел-оперативтік шара барысында ұсталған 500-ден аса шетелдік көші-қон заңын бұзғаны үшін Қазақстан аумағынан шығарылған. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметі хабарлады.

Астана ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Гүлвира Дөненбаеваның айтуынша, көші-қон туралы заң талабын бұзғаны үшін 700-ден аса шетелдік азаматқа әкімшілік шара қолданылып, 424 шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімі қысқартылған, 174 адам Астана ІІД-нің арнайы қабылдау орнына жеткізілген.

«Әкімшілік сот шешімімен 500-ден аса шетелдік көші-қон заңын бұзғаны үшін елден шығарылды. Бұдан өзге, елден шығару туралы шешімді орындамағаны және шекараны заңсыз кесіп өткені үшін шетелдік азаматтарға қатысты қозғалған 18 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» деп хабарлаған Гүлвира Дөненбаева.

XS
SM
MD
LG