Accessibility links

Ресей: Петербургте нацистер құрбаны болған еврейлерді еске алды


Санкт-Петербург қаласындағы Сарай алаңы. (Көрнекі сурет.)
Санкт-Петербург қаласындағы Сарай алаңы. (Көрнекі сурет.)

Бүгін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында екінші дүниежүзілік соғыс уақытында, 1941 жылы қыркүйектің 17-сі мен 1942 жылғы қаңтардың 1-і аралығында, неміс нацистері ұлты еврей болғаны үшін атып өлтірген 250 адамды еске алу шарасы өтті. Мәскеу және Дворцовая көшелері қиылысында, Александров сарайына қарсы беттегі скверде тұрған мүсінші Вадим Сидурдың «Қасірет формуласы» («Формула скорби») ескерткіші жанында өткен шараға екі жүздей адам қатысқан.

Негізі, соғыс кезінде Пушкин қаласында нацистер қолынан құрбан болғандар саны одан әлдеқайда көп, 800-дей адам деп айтылады, бірақ Пушкиндегі қырғын жайлы тарих әлі жеткілікті зерттелмеген. Біріншіден, нацистер басқыншылығы кезінде тек еврейлер ғана емес, Пушкиннің барлық тұрғындары қайғы-қасіретке ұшыраған. Кейбірін қаладан алып кетсе, өзгелері аштық құрбаны болған. Сол себепті соғыс кезіндегі еврейлер қырғыны туралы білетін куәгерлер санаулы ғана. Оның үстіне, совет билігі кезінде Холокост қасіреті туралы айтылмайтын. Пушкиндегі нацистер қылмысын жүйелі түрде зерттеу тым кеш қолға алынды.

Тек 1986 жылдан бастап Пушкиндегі геноцид оқиғасы жайлы айғақ-деректерді жинастыру басталған. Жинастырылған деректер бойынша 1991 жылы «Қасірет формуласы» атты кітап басылып шыққан. 1994 жылы Пушкин қаласында Вадим Сидур жасаған осы аттас ескерткіш орнатылған.

Пушкин қаласында қаза тапқан еврейлерді еске алу рәсімі жыл сайын қазанның алғашқы жексенбісінде өткізіліп келеді.

XS
SM
MD
LG