Accessibility links

Еңбек кодексі жобасы екінші оқылымда мақұлданды


Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары.

Парламент мәжілісінің депутаттары бүгінгі жалпы отырыста елдегі кәсіподақтар арасында белсенді талқыға түскен және кейбір белсенділердің сынына қалған еңбек кодексі жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Жобаны әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауынша, құжатта жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау, кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар жеңілдетілген.

Заң жобасында еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіздер кеңейтілген. Кодекс жобасы бойынша, жұмыс берушінің бастамасымен келісім-шарт «өндіріс және орындалатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азайып, ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына» әсер еткен жағдайда үзілуі мүмкін. Жаңа еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуын жоба авторлары «экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» түсіндірген.

Сонымен бірге жобада жұмыс берушіге кәсіпорын жұмысы тұрып қалғанда жұмысшыларды олардың денсаулығына зиян емес кез-келген басқа жұмысқа өздерінің келісімінсіз ауыстыра беруге құқық береді. Бұдан өзге жобада жұмыс берушіге зейнет жасына жеткен жұмысшымен келісім-шартты тоқтатуға құқық берілген. Сондай-ақ, жобада артық уақыт және мереке күндері істеген жұмыс үшін төленетін еңбекақы коэффициентін төмендету көзделген.

XS
SM
MD
LG