Accessibility links

Ерғалиева мен Жақиянова сотының 3-отырысы өтті


Гүлжан Ерғалиева, журналист. Алматы, 7 қазан 2015 жыл
Гүлжан Ерғалиева, журналист. Алматы, 7 қазан 2015 жыл

Қыркүйектің 7-сі күні Алматы қаласындағы Бостандық аудандық азаматтық істер жөніндегі сотында журналист Гүлжан Ерғалиеваның Қарлығаш Жақияноваға (оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі) қарсы берген арызы бойынша басталған соттың үшінші отырысы өтті.​

Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновадан "1 миллион доллар қарыз ақшасын қайтаруды, бірнеше жыл бойы ол ақшаның мүмкіндіктерінен түсуі ықтимал табысы ретіндегі 187 мың доллар көлемінде моральдық шығыны мен осы іске байланысты сот шығындарын өтеуді" талап еткен.

Осыған дейінгі екі сот отырысын құжат алмасу мен алдын-ала тыңдауға арнаған судья Айгүл Абайделдинова екі жақ бұған дейін мәмілеге келмегенін айтты. Бүгінгі сот отырысына Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева, Гүлжан Ерғалиева мен оның отбасы мүшелері, бірнеше қоғамдық белсенділер мен ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Гүлжан Ерғалиеваның сот отырысы кезінде айтуынша, ол «Свобода слова» газетіндегі өз үлесін сатқаннан кейін 2010 жылы қыркүйек айында ақшаның бір бөлігін, яғни 1 миллион АҚШ долларын "сенімді жерде сақтау үшін Ғалымжан Жақияновқа берген".

"Ақшаны алған кезде Ғалымжан Жақиянов әйелі Қарлығаш Жақияноваға қолхат жаздырды. Сол себепті ақшаны заң жүзінде Қарлығаш Жақияновадан сұрап отырмыз" дейді Гүлжан Ерғалиева.

Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева өз қорғауындағы адамның Гүлжан Ерғалиевадан ақша алғанынын мойындайтынын хабарлады. Бірақ оның сөзінше, "Қарлығаш Жақиянова Гүлжан Ерғалиевадан 1 миллион долларды қарыз ретінде емес, қайырымдылық ретінде қабылдаған".

Осыдан кейін Гүлжан Ерғалиева жауап беруші ретінде іске Қарлығаш Жақияноваға қоса "1 миллион доллар ақшаны алған кезде бірге болған" Ғалымжан Жақиянов пен оның қарындасы Жанна Байтемірованы да қосуды сұрады.​

Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева Азаттық тілшісіне «бұл істің ешқандай саяси астары жоқ» дегеннен өзге пікір айтудан бас тартты. Соттың келесі отырысы қазанның 15-іне қалдырылды.

Гүлжан Ерғалиева 2005 жылдан бастап жарық көріп, оппозициялық басылым ретінде танылған «Свобода слова» газетіндегі үлесін 2010 жылы «билікке қатысы бар жеке тұлғаға сатып», өзі газеттен кеткен. Ол бұл әрекетін «президент өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамаларға байланысты кеттім» деп түсіндірген.

Павлодар қаласының бұрынғы әкімі, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған Ғалымжан Жақиянов 2011 жылдан бері отбасымен бірге Бостонда (АҚШ) тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG