Accessibility links

АҚШ Иранға инвестиция салуға асықпауды ескертті


АҚШ президенті Барак Обама. (Көрнекі сурет)
АҚШ президенті Барак Обама. (Көрнекі сурет)

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Обама әкімшілігі шетел үкіметтері мен АҚШ банкирлеріне ескерту жасады. Ескертуде Иранға салынған санкциялар әлі күшінде тұрғаны айтылған. Обама әкімшілігі инвесторларға бұл елге ақша салу жөнінен асықпауға кеңес береді.

АҚШ үкіметі жақында көптеген елдердегі елшіліктері арқылы Иранға салынған санкциялардың күшінде тұрғанын хабарлаған еді.

АҚШ хабарламасында "Иранға салынған санкциялардың Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Тегеранның ядролық бағдарламасы жайлы келісімді (шілде келісімі - ред.) толық орындағанын тексермейінше алынбайтыны" айтылған.

Иран ядролық бағдарламасы жөнінде келісімге қол қойылған шілде айынан бері Тегеранға Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония және Үндістан бизнес делегациялары келіп-кеткен еді.

Грузия сыртқы істер министрі Давид Дондуа Тбилисиде 9 қазан күні АҚШ билігінің Иранмен сауда-саттықты әзірге бастамау керек екенін ескерткенін айтты.

Әзірге санкциялардың қашан жойылатыны белгісіз. Бірақ сарапшылар Иран ядролық бағдарламасын қысқартқанын дәлделдеген жағдайда Тегеранмен қаржы операцияларын жасасуға келесі жылы мүмкіндік туады деп болжайды.

АҚШ-тың хабарлауынша, санкциялар режимін бұзған компаниялар АҚШ банк жүйесінен (доллар жүйесінен - ред.) аластатылады.

2014 жылы Францияның BNP Paribas банкіне Судан, Куба және Иранға салынған санкцияларды бұзғаны үшін 9 миллиард доллар көлемінде айыппұл салынған еді.

Иранның ядролық бағдарламасын қысқарту туралы кешенді жоспарға Вена (Австрия) қаласында әлемнің 5 державасы мен Тегеран 14 шілде күні қол қойған болатын. Шарт бойынша Иран бұл келісімді орындаған жағдайда оған салынған экономикалық санкциялар жойылады.

Иранның мол мұнай қорына қызыққан компаниялар да Тегеранмен келіссөздер өткізуге даяр. Әзірге санкцияларды босаңсыту 2016 жылдың ақпанына жоспарланып отыр.

Иранның ұлттық мұнай компаниясы санкциялар кесірінен қол қойылмай қалған 50-ге жуық құжатты қайта әзірлеп отырғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG