Accessibility links

Түркиядағы жарылыс құрбандары 86 адамға жетті


Жарылыс орнында жүрген мамандар. Түркия, Анкара, 10 қазан 2015 жыл.

Жарылыс орнында жүрген мамандар. Түркия, Анкара, 10 қазан 2015 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы жарылыстарды "зұлымдық" деп атап, ондаған адамның қаза тапқанын хабарлады.

10 қазан күні Анкара теміржол вокзалы маңында болған екі жарылыстан 86 адам өліп, 186 адам жараланды. Мұндай ақпаратты Түркия үкіметі жариялады.

Түркия денсаулық сақтау министрі Мехмет Муезиноғлы 62 адамның оқиға орнында мерт болғанын, 24 кісінің ауруханада жан тапсырғанын хабарлады.

Үкімет оқиғаны "террорлық шабуыл" деп таниды. Ердоған "Мен бұл зұлым шабуылды айыптаймын. Бұл - еліміздің бірлігіне, бейбітшілігіне жасалған шабуыл" деді.

Жарылыстар адамдар күрд содырлары мен үкімет арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуді талап ететін "бейбіт маршқа" жиналып жатқанда болды.

Болмай қалған маршты солшыл және күрдшіл партиялар ұйымдастырды. Ақпараттарға қарағанда, жарылыстан соң тарамай тұрған жұртты полиция аспанға оқ атып таратты.

Куәлердің сөзіне қарағанда, екі жарылыстың арасында бірнеше минут қана өткен. Анкарадағы АҚШ елшілігі жарылыстарды айыптап, мәлімдеме таратты. Онда "Барлығымыз террорға қарсы бірігейік" деп жазылған.

Ресей президенті Владимир Путин де Ердоғанға көңіл айтып, телеграф жіберді. ЕО басшыларының бірі Фредерика Могерини Түркияға қолдау білдіретін мәлімдеме жасады.

Осы аралықта Күрдістан жұмысшы партиясы (КЖП) "сарбаздарының Түркиядағы әрекеттерін тоқтататынын" мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG