Accessibility links

Түркия күрд көтерілісшілеріне соққы берді


Түркия әскери-әуе күштерінің ұшағы. (Көрнекі сурет).
Түркия әскери-әуе күштерінің ұшағы. (Көрнекі сурет).

Түркия әскери-әуе күштері Түркия мен Ирактағы Күрдістан жұмысшы партиясының көтерілісшілеріне қарсы соққы берді. Түркия әскерилерінің хабарлауынша, 11 қазанда жасалған шабуылдан Ирактың солтүстігіндегі Метина және Зап аймақтарында күрд көтерілісшілері бекінген бірнеше нысан жойылған.

Қазанның 10-ы күні Күрдістан жұмысшы партиясының Түркияның оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр провинциясындағы нысандарына соққы берілген. Кейбір мәліметтер бойынша, шабуылдардан ондаған адам мерт болған.

Күрдістан жұмысшы партиясы қазанның 10-ы күні Түркияда 1 қарашада өтетін "алғашқы әділ сайлауға" кедергі келтірмес үшін қарулы жасақтары Түркиядағы әрекеттерін тоқтататынын мәлімдеген.

Бірақ Түркия үкіметі мұны қабылдамай, күрд көтерілісшілері қаруларын тастап, елден кетуі тиіс деп мәлімдеді.

10 қазанда Анкарадағы темір жол вокзалы маңында жұртшылық түрік әскері мен елде қызметіне тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының қарулы жасағы арасындағы қақтығысты тоқтатуға шақырған «бейбіт маршқа» шыққалы жатқан кезде қатарынан екі жарылыс болған. Жарылыс салдарынан 95 адам құрбан болып, 200-ден астам адам жараланған.

Қауіпсіздік күштері шабуылдарды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының содырлары жасаған болуы мүмкін деп күдіктенеді.

XS
SM
MD
LG