Accessibility links

Сотталған полицейлер «азаптағандарын» мойындамады


Ахмет ауылы тұрғыны Николай Синявин Қарағанды облысы соты ғимараты алдында тұр. 13 қазан 2015 жыл.
Ахмет ауылы тұрғыны Николай Синявин Қарағанды облысы соты ғимараты алдында тұр. 13 қазан 2015 жыл.

Тергеу кезінде азаптауға ұшыраған Николай Синявин мүгедек болып қалды. Оны азаптады деп сотталған полицейлер апелляциялық шағым түсірді. Синявинді құқық қорғаушы ұйым жалдаған адвокат қорғады.

Қарағанды облысы Нұра аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік инспекторлары Нұрәлі Бегімбаев, Берік Таңсықбаев және Мақсат Байтілеуов тергеудегі сияқты сотта да тағылған айыптарды толық терістейді. Қазір үшеуі Ахмет ауылы тұрғыны Николай Синявинді азаптағаны үшін әрқайсысын үш жылға түрмеге кескен Нұра ауданы Киевка кентіндегі бірінші сот инстанциясы үкімінің күшін жойдыруға тырысып жатыр.

ПОЛИЦЕЙЛЕР: «ДӘЛЕЛІМІЗ БАР»

Тергеу болжамынша, жергілікті тұрғын Владимир Кузьмичтің мүлкін ұрлауға қатысты қылмысты қайтсе де ашып, ашылған қылмыс санына қатысты көрсеткішті жасанды жолмен жақсартуды көздеген полицейлер алдын ала келісіп, Синявинге «адам тонадым» деп мәжбүрлеп мойындатпақ болған.

Былтыр тамыз айында полиция бөлімшесіндегі тергеу кезінде мойын омыртқасы сынып, бел және мойын омыртқасында көптеген жарық пайда болған әрі басына зақым келген Синявин мүгедек болып қалған. Синявинбір жыл бойы үш полицейді жазаға тарттыруға тырысқан.

Сотталған бұрынғы полицейлер қазір абақтыда қамауда отыр, сотта олардың мүддесін адвокат Павел Фейст қорғайды. Апелляциялық шағымды қараған сот отырысы адвокаттың бірінші сот инстанциясының шешімін жоюды сұраған мәлімдемесінен басталды.

- Бұл үкім заңды өрескел бұзу арқылы заңсыз шығарылған. Заттай айғақтар мен қан үлгісін алған кезде де заң талаптары бұзылған. Түнде заңсыз тергеу жүргізілген. Ал прокурордың сот үкіміне дейін куәгерлердің үстінен қылмыстық іс қозғауын қорғаушы тарап қысым көрсету деп санайды, - деп мәлімдеді сотта адвокат Павел Фейст.

Айыпталушылардың адвокаты полицейлер қылмысты мойындату үшін Синявиннің өңешіне зорлап арақ құйғаны да, жәбірленуші саусағының тырнағы жұлынып кеткені де күдік тудырады деп шүбәланады. Сотта адвокат Фейст «қылмысты ашу клиенттерімнің қызметтік міндетіне жатпайды, сондықтан бұл жайт - полицейлердің адам азаптамағанын көрсететін тағы бір дәлел» деп мәлімдеді. Оның үстіне, айыпталушылардың қорғаушысы «қылмыс жасалған күні бұрынғы полицейлер өз шаруасымен әр жақта жүрген, ол жерде мүлде болмаған» деген мәлімдемесінен танбайды. Адвокат Фейстің айтуынша, жапа шегуші мен оның анасы, кейбір куәлердің сөзінде де қайшылық бар.

«ПОЛИЦЕЙЛЕР ДӘЛЕЛІ ЖАЛҒАН»

Мүгедек Синявинді азаптау ісіне қатысты сот туралы бірнеше мақала шыққаннан кейін бұл іске Алматы қаласындағы азаптау құрбандарына заңдық көмек көрсететін заң саясатын зерттеу орталығы араласқан. Моральдық өтемақы өндіру үшін үкіметтік емес ұйым жәбірленушіге адвокат жалдап көмектесуді ұсынған.

Қарағанды облысы соты ғимараты. 13 қазан 2015 жыл.
Қарағанды облысы соты ғимараты. 13 қазан 2015 жыл.

- Апелляциялық шағымда көрсетілген уәж-дәйектермен мүлде келіспейміз. Айыптаушылардың алдын ала тергеу мен сот отырысында «қылмысқа қатысымыз жоқ екенін дәлелдейді» деп келтірген дәйектерін (алиби) істегі материалдар мүлде әрі толықтай терістейді. Бірақ оларды кейін сотта көрсетеміз, - дейді жәбірленуші Николай Синявиннің адвокаты Зухра Коптаева Азаттыққа.

Сот отырысынан кейін Синявин Азаттыққа «сотталған полицейлердің шағымында қабыспайтын жайттар мен қарама-қайшы ақпарат көп» депмәлімдеді. Ол да мұны кейінгі сот отырыстарында мәлімдемек.

ЖАЛҒАН КУӘЛІК БЕРГЕНІ ҮШІН ШАРТТЫ ЖАЗА

Сотталған полицейлер апелляциялық сотқа шағым әзірлеп жатқан тұста жалған хабар жеткізіп, өтірік куәлік бергені үшін екінші адам - азаптауға қатысты істің кезекті куәгері сотқа ілікті. Ол – Николай Синявинді қалай ұрып-соғып, көлікке отырғызғанын көрген және «көршіме араша түспек болған кезде полицей Берік Таңсықбаев бетіме жұдырықпен қойып қалды» деп мәлімдеген Ахмет ауылы тұрғыны Әсет Түкеев.

Түсініктемелерін дүркін-дүркін өзгерткен куәгер Әсет Түкеев жалған куәлік бергені үшін үстінен іс қозғалғаннан кейін ғана алғашқы жауабын растап, шындықты айтқан. Ол «түсініктерімді полицейлердің қырына ілігуден қорқып өзгерттім» дейді. Ақыры Түкеевтің өзі де сотқа тартылып, жуырда бірінші куәгер Айтпек Серіков сияқты оны да бес жылға шартты жазаға кесті.

Адам азаптағаны үшін үш жылға сотталған үш полицейдің апелляциялық шағымын қараған сот отырысында қазанның 20-сына дейін үзіліс жарияланды. Мемлекеттік айыптау тарабы жалған куәлік етіп, сотталған екі куәгер – Түкеев пен Серіковті сотқа шақырту туралы өтініш берді. Айыптаушы тарап «оқиғаны көзімен көрген негізгі куәгер болғандықтан, екеуі де апелляциялық сотқа қатысуы тиіс» дейді.

XS
SM
MD
LG