Accessibility links

Арич ауылында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар


Орталық көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген Арич ауылы. Армения, 2015 жылдың қазаны.
Орталық көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген Арич ауылы. Армения, 2015 жылдың қазаны.

Арменияның Ширак облысы Арич ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бар. Азаттықтың Армян қызметі тілшісі көше неге олай аталғанын зерттеп көрді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің атынан Арменияға талап қойған (Бұл елдің ЕАЭО-ға БҰҰ мойындаған шекарасымен, яғни Таулы Қарабақсыз кіру қажет екені туралы Назарбаевтың сөзін айтады - ред.), сонысымен Серж Саргсянға (Армения президенті - ред.) қолайсыздық тудырған Қазақстан президентіне Арич ауылында басқаша қарайды.

Арич ауылындағы Назарбаев көшесі.
Арич ауылындағы Назарбаев көшесі.

Аричтегі орталық көше он шақты жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталып келеді. Көше атауын осылай қоюды Армения ұлттық жиналысының бұрынғы депутаты Мхитар Варакян ұсынған. Оның ағасы - Назарбаевтың кеңесшісі.

Алайда Арич ауылының басшысы Роланд Назаретян "көшеге ат беру кезінде бүгінгі байланыстар ғана ескерілген жоқ, ежелгі тарих та қамтылды" деді.

«Арич 1400 жылдан 1947 жылға дейін Кпчак деп аталды. 1947 жылы ауылдың атауы Арич деп өзгертілді. Ал Кпчак атауын Қазақстандағы бір тайпа атымен байланыстырады. Сондықтан ақсақалдар алқасы Варакяновтың септесуімен көшеге Назарбаевтың атын берді. Қазақстанды біз дос санаймыз. Оның үстіне қазір Еуразия Одағы (ЕАЭО) аясында ынтымақтастық орнаттық. Яғни көшеге атын беруге болады» дейді Арич ауылы басшысы Роланд Назаретян.

Бірақ ауыл тұрғындары оның Қазақстан мен Армениядағы көне қоныстың арасындағы тарихи байланыс туралы бұл сөздеріне аса сеніңкіремейді.

Ауыл тұрғындарының бірі: «Әуелі тұрғындар арасында көше атауын ауыстыру туралы сауалнама жүргізілмеді. Назарбаевқа сонша құрмет көрсету туралы шешімнің неге сүйеніп шыққаны белгісіз» дейді.

Ауылда ортағасырлық бірнеше шіркеу бар. Алайда қазақтармен байланыс көше атауымен шектелмейді. Ауыл кітапханасында Қазақстан бөлімі (бұрышы - ред.) бар, ол жерге Назарбаевтың үлкен портреті қойылған. Бұл бөлімдегі кітаптар мен материалдардан Қазақстан туралы мәліметтер алуға болады. Шағын бұрыш 2011 жылы ашылған, оның негізін Қазақстан елшілігі қалаған.

Арич ауылындағы көше атауы.
Арич ауылындағы көше атауы.

Кітапханашы Аннман Фахрадян: «Бізге жиһаз сыйлады, үстел, кітаптар, картиналар, ұлттық киімдер әкелді. Жылына үш-төрт рет сондай сыйлықтар, қажет заттар әкеліп тұрады» дейді.

Ауылға құйылатын «қазақ инвестициясы» осымен шектеледі. Ауыл басшысы Назарбаевтың осы ауылда өз атында көше бар екенін естіген-естімегенін білмейді. Алайда Қазақстан лидерін ауылға шақыру, Қазақстандағы бір ауылмен бауырлас ауыл болу жоспары бар-жоғын сұрағанда Назаретян: «Жоқ, қазақ ауылымен бауырлас болу немесе Назарбаевтың менің шақыруыммен ауылға келуі туралы ойымыз жоқ» деп жауап берді.

Ал Қазақстан елшілігінің Арич ауылындағы нысандарды жөндеу немесе жаңадан салу туралы жоспарлары бар-жоғы белгісіз. Алайда ауыл тұрғындары көше атауынан өздеріне қандай да бір пайда болады деп үміттенеді.

ВИДЕО: Назарбаев көшесі туралы репортаж (армян тілінде):

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

XS
SM
MD
LG