Accessibility links

Астана Ашғабаттың нотасына жауап қатты


Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауған-түркімен шекарасындағы жағдайға қатысты айтқанына келіспеушілік білдірген Түркіменстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Бұл туралы Қазақстан СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews сайты хабарлады.

Құжатта «Қазақстан басшылығы биылғы қазанның 15-інде әлемде және аймақта терроризм қаупі өсіп отырғанына шынайы алаңдаушылық білдіріп жалпы контексте комментарий бергені» айтылған.

«Ауғанстандағы ахуал, соның ішінде Орталық Азия елдерімен шектесетін аймақтардағы жағдай соңғы кездері шиеленісіп, қауіпсіздік саласында проблемалар тереңдеп отырғаны жасырын жайт емес. Белгілі бір дәрежеде бұл осы елде «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы өкілдері пайда болуымен және солардың белсенділігімен байланысты. Мемлекеттеріміздің екіжақты және көпжақты форматтағы бірлескен және үйлесімді іс-әрекеттері ғана біздің жалпы қауіпсіздігімізге төнген қатерге дер кезінде және тиімді түрде төтеп беруге мүмкіндік беретініне сенімдіміз» делінген ресми Астана мәлімдемесінде.

Қазақстан тарабы Түркіменстанмен арада 1993 жылы 19 мамырда жасалған достық қарым-қатынас және серіктестік туралы келісім аясындағы әріптестікті одан ары дамытуға ниет білдірген. Сонымен бірге Астана жұма күні Бурабайда өткен ТМД елдері басшыларының кеңесінде қабылданған халықаралық терроризмге қарсы күрес және ТМД-ның сыртқы шекарасының қауіпсіздігін нығайту туралы мәлімдемесінде айтылған маңызды мәселелер бойынша Ашғабатпен екіжақты және көпжақты әріптестікті одан әрі дамытуға айтарлықтай әлеует барын атап өткен.

Жұма күні Түркіменстан сыртқы істер министрлігі Астанада 15 қазанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ауған-түркімен шекарасында болған оқиғалар» туралы айтқаны «шындыққа жанаспайтынын» мәлімдеп, ресми нота таратқан еді.

XS
SM
MD
LG