Accessibility links

Ресейлік құқық қорғаушылар Әблязовты жақтады


Қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов Францияның Лион қаласында. Көрнекі сурет

Қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов Францияның Лион қаласында. Көрнекі сурет

Ресейлік құқыққорғаушылар Франция президенті Франсуа Олландты қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялауға жол бермеуге шақырды. Мәскеудегі Хельсинки тобының жетекшісі Людмила Алексеева мен «Гражданское содействие» комитетінің төрағасы және «За права человека» қозғалысының лидері Лев Пономаревтің бірлескен мәлімдемесінде Ресейде Әблязовқа объективті тергеу мен соттың болмайтынын айтқан. Құқыққорғаушылар оған Ресей түрмесінде қауіп төнеді деп санайды.

Олар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы Франция премьер-министрі Мануэль Вальстың шешімінің саяси астары бар деп атап, оны бұзуға шақырды. "Ресей билігінің уәдесіне қармастан Әблязовты Қазақстанға жөнелтудің немесе оны Қазақстанның тергеу изоляторларына уақытша жіберудің жолдары табылады. Біз Франция Мемлекеттік кеңесінің 2015 жылдың 17 қыркүйегіндегі Мұхтар Әблязовты Ресей Федерациясына экстрадициялау туралы адам құқығын сақтаудың базалық негіздеріне сай келмейтін шешімін бұзуға шақырамыз" дейді құқыққорғаушылар.

21 қазанда Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымының төрағасы Гарри Каспаров та Әблязовты экстрадициялауды тоқтату туралы өтініш жасады.

Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ. Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы жарлыққа Франция премьер-министрі Мануэль Вальс 17 қыркүйекте қол қойған. Қазақстанда Әблязовты БТА Банкінің алты миллиард доллар ақшасын жымқырды деп айыптайды. Мұхтар Әблязовтың өзі тағылған айыптардың саяси негізі бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG