Accessibility links

Алаяқтық айыбы тағылған әкім орынбасарын бес жылға кесуді сұрады


Прокурор Ақжол Ахметов (оң жақта) "алаяқтық" бабымен айып тағылған Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Беков ісі бойынша куәгерге сұрақ қойып отыр. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Прокурор Ақжол Ахметов (оң жақта) "алаяқтық" бабымен айып тағылған Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Беков ісі бойынша куәгерге сұрақ қойып отыр. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Қарағанды облысы Нұра ауданы әкімінің қызметтен уақытша шеттетілген орынбасары Хакім Бековтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сотта өзгеріс болды.

Бековке тағылған айып «Алаяқтық» бабынан «Топ болып алаяқтық жасау» бабына өзгертілген. Сәрсенбідегі сот отырысы барысында прокурор соттан Хакім Бековті айыпты деп танып, бес жылға бас еркіндігінен айыру жазасын тағайындап, оның дүние-мүлкін тәркілеуді және оны өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруды сұраған.

Мемлекеттік айыптаушы топ болып алаяқтық жасау жөніндегі іс бойынша айыпкер ретінде тағы бір адамды – Нұра ауданының әкімі Құдайберген Бексұлтановты жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатқаны туралы мәлімдеген. Бұл мәлімдеме тергеу амалдары кезінде жасырын түсірілген видеоматериалдар сотта көрсетілген соң жасалған.

Алаяқтық туралы бұл іс Нұра ауданында тұратын фермер Дәулет Жапановтың жемқорлықпен күрес қызметіне берген арызы бойынша қозғалған. Ол жерді ұзақ мерзімге жалға алу бойынша өткізілген тендерде жеңіп шығатынына уәде еткен Нұра ауданы әкімі мен әкімнің орынбасары өзінен пара ретінде жылқы талап еткені туралы жазған. Бірақ, шенеуніктердің сұраған жылқысын бергенімен өзіне жер тимей қалғанын айтқан фермер кейін полицияға шағымданған.

Соттағы айыпкер Хакім Беков өзіне тағылып отырған барлық айыптарды жоққа шығарады. Сотқа куәгер ретінде шақырылған аудан әкімі Құдайберген Бексұлтанов «бұл оқиға туралы ештеңе білмейтінін» айтқан.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG