Accessibility links

Шығысты бөлу сауалнамасы сотқа жеткізді


Игорь Сычев, блогер
Игорь Сычев, блогер

Қазанның 22-сі «сепаратизмге шақырды» деген айыппен қамалған шығыс қазақстандық блогердің соты басталды. Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстанды Ресейге беру жайлы сауал қойған ол енді сотталуы мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өзгеше сипаттағы айыптау бойынша жергілікті тұрғынның соты басталды. Прокурордың мәлімдеуінше, қамаудағы 26 жастағы Игорь Сычев БАҚ-ты пайдалану арқылы сепаратистік қызметпен айналысты деп айыпталады. Азаттыққа сот залынан хабарласқан жергілікті құқық қорғаушы Александр Харламовтың айтуынша, оның қылмысын ауырлататын жайттар ретінде прокурор Ресей Қырымды бөліп алғаннан кейінгі Украинадағы оқиғаларға сілтеме жасаған.

Айыпты деп танылса, Игорь Сычев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

СҰРАҚ БЕЛГІСІ

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Подслушано в Риддере?» тобының администраторы Игорь Сычев биыл көктемде топтың жаңалықтар таспасында «Риддер қаласында дауысқа салу өтіп жатыр деп елестетіп көрелік» деген тақырыпта сауалнама жариялаған. Ол оқырмандарға Шығыс Қазақстан облысын Ресей Федерациясының құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған. Қазақстанда мұндай сауалнама прецедент деп танылуы мүмкін, оның үстіне Ресей баспасөзінде «Шығыс Қазақстан шын мәнінде Батыс Сібір өлкесіне жатады және совет үкіметі орнаған кезде Қазақстанға әділетсіз өтіп кеткен» деген сарындағы тезистер ара-тұра жарияланып тұрады.

Бірақ әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда жарияланатын мұндай сауалнамаларды Қазақстанға қарсы үгіт-насихатқа жатқызуға бола ма? Өзгеше сипаттағы мұндай іс туралы сарапшылар пікірі қандай?

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы президенті Гүлмира Илеуованың айтуынша, ұйымдар, БАҚ-тар және жеке адамдардың (заң олардың да интернеттегі жазбаларын БАҚ-қа жатқызады) сауалнама жүргізу қызметі заңда реттелмеген. Сарапшы жеке адамдар кез келген сұрақты қоя алады деп санайды.

— Сауалнама жүргізу үшін лицензия алу қажет емес, - дейді Гүлмира Илеуова.

Мұндай қауіп төндіретін кез келген әрекет жазалануы мүмкін.

Оның айтуынша, бұл істегі негізгі проблема «зерттеу» сұрақтарында емес, Игорь Сычевтің «Қазақстан тәуелсіздігін бұзуды көздейтін» тақырыпты таңдауында.

— Ол сұрағына қарай жауап алды. Ал мұндай сұрақтар қоюға болмайтынын енді көріп отырмыз. Мұндай қауіп төндіретін кез келген әрекет жазалануы мүмкін, - дейді Гүлмира Илеуова.

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов интернеттегі мақалалары, оның ішінде ресейшіл сипаттағы жазбалары үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған адамдар Игорь Сычевтің ісіне дейін де болғанын айтады. Дуванов әлеуметтік желі белсенділері Татьяна Шевцова-Валова мен Ермек Тайчибековтің үстінен қылмыстық істер қозғалғанын айтады. Бірақ Дуванов Сычев ісінің мұндай сипаттағы өзге істерден біраз айырмашылығы бар деп санайды. «Сұрақ қойғаны болмаса, Сычев ештеңені ұсынған жоқ, сұрақ белгісі оны құтқарар еді» дейді Дуванов.

Енді Қазақстанда сұрақ қою да қауіпті бола бастады ма?

— Енді Қазақстанда сұрақ қою да қауіпті бола бастады ма? Мысалы, «Сіз президент Назарбаевты қолдайсыз ба әлде оппозицияны ма?» деген тақырыпта сауалнама жүргізсеңіз, сізді қамап қоюы керек пе? - дейді Сергей Дуванов.

ҚАМАУДА ҚАЛДЫ

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Игорь Сычевті «сепаратистік қызметпен айналысты» деген айыптауға тергеушінің тапсырысы бойынша жүргізілген ресми психологиялық-филологиялық сараптаманың «оң» ұйғарымы негіз болған. Ресми сарапшылар сотталушы Сычевті ақтайтындай ешбір ұйғарым жасамаған.

Бірақ Сычев ісіне қатысты өзге де сараптамалық ұйғарым бар. Оны тәуелсіз БАҚ-тар мен журналистерді қылмыстық қудалауға байланысты қозғалған істерді сараптауға қатысып, жұртқа танылған тәуелсіз сарапшы филолог Рахиля Қарымсақова жүргізген. Ол Сычевтің ісі бойынша филологиялық сараптаманы «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының тапсырысы бойынша жүргізген. Сарапшы Қарымсақова өз ұйғарымында Игорь Сычев жариялаған сауалнама (дауыс беру) мәтінінде сепаратистік насихат белгілері жоқ деп көрсетеді.

Биыл мамыр айында ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті «БАҚ-ты пайдалану арқылы сепаратистік қызметпен айналысты» деген күдікпен Игорь Сычевтің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Айып тағылғаннан кейін сот оны қамауға санкция берген.

Игорь Сычев дауысқа салуды жариялауға рұқсат еткенін, бірақ мәтінді құрастыруға қатысы жоқ екенін әрі шағым түскеннен кейін оны алып тастағанын мәлімдейді. Әлеуметтік желелердегі Сычевтің жақтастары оны дереу қамаудан босатуды және қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етеді. Желі пайдаланушыларының арасында Қазақстан арнайы қызметінің Сычевке қатысты әрекетін қолдайтындар да бар.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG