Accessibility links

БҰҰ Чехияның мигранттарға жасап отырғанын сынады


Чехиядағы мигранттарға арналған изолятор. (Көрнекі сурет.)

Чехиядағы мигранттарға арналған изолятор. (Көрнекі сурет.)

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Зеид Раад әл-Хуссейн Чехия билігінің мигранттарға қатысты ісін сынады. Бүгін жариялаған мәлімдемесінде әл-Хуссейн чех үкіметін мигранттарды «адамдық ар-намысты қорлайтын жағдайда» қамауда ұстап отырғанын және қамауда ұстаған уақыты үшін төлем алатынын сынаған.

Әл-Хуссейн Чехияда «мигранттар құқықтары жүйелі түрде бұзылатыны» жайлы куәгерлер деректері барын мәлімдеген. Ол мәлімдемесінде Прага қаласындағы «Била Йезова» изоляторын атаған. Әл-Хуссейннің сөзінше, изолятордағы жағдай «түрмедегіден де нашар» екенін тіпті әділет министрі Роберт Пеликанның өзі мойындаған. Мәлімдемеде келтірілген 13 қазандағы есептен үзіндіде изоляторды тексеру кезінде онда жүзге жуық бала болғаны анықталғаны айтылған.

Әл-Хуссейн Чехия президенті Милош Земанның мәлімдемелеріндегі ксенофобиялық және исламофобиялық сарындағы сөздерге алаңдаушылық танытқан. Чехия президенті әкімшілігі Земанның атына айтылған сынды жоққа шығарып, «президент ислам фундаментализмі қаупі туралы ескерткен. Ол өз пікірінде қалады және шетелден жасалған қысымға бола оны өзгертпейді» деп мәлімдеген.

Чехия мигранттарды Еуропа Одағының 28 еліне квота бойынша бөлу жүйесіне қарсылық білдірген.

XS
SM
MD
LG