Accessibility links

Грузияда "билікті төңкеруге дайындық болғаны" айтылды


Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Леван Изория.

Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Леван Изория.

Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қылмыстық кодекстің «билікті төңкеру немесе басып алу мақсатында астыртын сөз байласу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл туралы төтенше брифингте мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Леван Изория мәлімдеген.

Оның айтуынша, қарсы барлау департаменті жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары жарияланымдарына жасалған талдау негізінде мемлекеттік төңкеріске дайындық туралы ақпаратты анықтаған. Леван Изория «қылмысқа бүге-шігесіне дейін тергеу жүргізіледі» деп уәде бергенімен қылмыстық іске қатысты ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ.

Бұған қоса Грузия ішкі істер министрлігі елдегі оппозициялық «Рустави-2» телекомпаниясы ғимаратының айналасына бақылау камералары орнатылып, күзет күшейтілгені туралы хабарлаған. Саяси оқиғалардың ошағына айналып отырған бұл телекомпанияның бұрынғы меншік иелерінің бірі, билікке жақын бизнесмен Кибар Халваши компанияны қайтарып алмақ болып, оның қазіргі иелері, бұрынғы ел президенті Михаил Саакашвилидің жақын достары саналатын ағайынды бизнесмендер Георгий және Леван Караманишвилилермен соттасып жатыр.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, қылмыстық істі қозғауға негіз болғандардың арасында Грузия экс-президенті, қазір Украинаның Одесса облысының губернаторы Михаил Саакашвили мен Грузия ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Гига Бокерияның Түркиядағы Стамбул әуежайындағы әңгімесінің стенограммасы делінетін жазба бар. Ол жазбада Саакашвили мен Бокерияның әңгіме барысында елде қантөгіске ұласатын арандатуларды, соның ішінде адам өлтіру және «Рустави-2» телекомпаниясы жетекшілерін соққыға жығуды ұйымдастырып, кейін осы істердің барлығын билікке жауып, үкіметті құлатуға бағытталған революциялық процеске ұласуын көздейтін жоспарларды талқылағаны айтылған.

Михаил Саакашвилидің оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы жетекшілері бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, «билік қылмыстық істі оппозицияға қарсы қуғын-сүргінді бастау үшін қозғады» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG