Accessibility links

"Лего" Ай Вэйвэйдің "саясиландырылған" жұмыстарын жақтырмайды


Қытай суретшісі әрі диссидент Ай Вэйвэй.
Қытай суретшісі әрі диссидент Ай Вэйвэй.

Құрастырмалы ойыншықтар шығаратын даниялық Lego компаниясы өз өнімдерін «саясиландырылған шығармаларға» пайдалануға тыйым салатынын қытай суретшісі әрі диссидент Ай Вэйвэйге ескерткен. Бұл компания Қытайдағы жұмысын кеңейтпекші деген хабар бар.

Биыл қыркүйекте Lego компаниясы текше пішінді балалар ойыншығының үлкен партиясына тапсырыс бергісі келген Ай Вэйвэй студиясының сұранысын қанағаттандырудан бас тартқан. Тапсырыс беруші бұл ойыншықтарды Австралиядағы Виктория қаласының Ұлттық галереясында экспозиция жасауға пайдаланбақ болғаны туралы Instagram әлеуметтік желісінде Ай Вэйвэйдің өзі хабарлаған. Оның сөзінше, компания тапсырыс алудан бас тартуының себебін өз өнімдерін «саясиландырылған жұмыстарда пайдалануды құптамайтындығымен» түсіндірген.

Бұл хабарлама британдық Merlin Entertainments компаниясы қытайлық серіктеспен бірлесіп Шанхай қаласында Legoland ойын-сауық паркін ашатыны туралы жаңалықтар айтылып жатқанда жарияланды деп жазады британдық The Guardian басылымы.

Даниялық компания болса 2017 жылы Қытайдың Цзясин округінде ірі зауытын толық іске қоспақшы.

2014 жылдың күзінен 2015 жылдың көктеміне дейін Алькатрас аралындағы атышулы түрменің ғимаратында өткен Ай Вэйвэйдің көрмесіне өзге заттармен бірге Lego компаниясының текше пішінді ойыншықтарынан құрастырылып жасалған, «ар-ождан тұтқындарына» арналған ірі сурет қойылды. Ондағы пиксельдендірілген 175 суреттің арасында Эдвард Сноуден, Нельсон Мандела, Лю Сяобо сынды белгілі адамдардың бейнелері болды.

XS
SM
MD
LG