Accessibility links

Бота Жұманованы ұрып-соғуға күдікті ұсталған


Youtube желісіне жарияланған «Бота Жұмановаға шабуыл» видеосынан скриншот.
Youtube желісіне жарияланған «Бота Жұмановаға шабуыл» видеосынан скриншот.

Алматылық журналист Ботагөз (Бота) Жұманованы соққыға жыққан деген күдікпен 22 жастағы жігіт ұсталған деп хабарлады бүгін жергілікті ақпарат құралдары.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметінде қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған күдікті – Алматы облысы Жаркент қаласының тумасы екені айтылған.

Бұған дейін қазақстандық журналист, блогер Ботагөз Жұманованы қазанның 9-ына қараған түні Алматыдағы үйіне кіреберісте белгісіз біреу ту сыртынан шабуылдап, аяусыз ұрып-соғып кеткені туралы ақпаратпен бірге оқиға сәті түсірілген бақылау камерасындағы видеожазба тараған еді.

Миы шайқалып, денесіне зақым келген жәбірленуші Алматы қаласында ауруханаға жатып шыққан.

Журналистке шабуыл жасаған адамды ұстауға көмектесетін ақпарат үшін жергілікті бизнесмен арнайы сыйлық тағайындаған. Ішкі істер министрлігі Ботагөз Жұманованы соққыға жығу оқиғасын тергеу ісін өз бақылауына алатынын хабарлаған.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының дерегінше, Ботагөз Жұманова – 2000 жылдан бері Қазақстанда шабуылға ұшыраған 250-журналист.

XS
SM
MD
LG