Accessibility links

Бас прокуратура: Бектібаев өзін өртегенде есірткіге мас болған


Өзін-өзі өртеп жіберген Ерлан Бектібаев. Тараз, 24 қазан 2015 жыл. Видеодан скриншот.
Өзін-өзі өртеп жіберген Ерлан Бектібаев. Тараз, 24 қазан 2015 жыл. Видеодан скриншот.

Қазақстан бас прокуратурасы сенбі күні Тараз қаласында өзін-өзі өртеген Ерлан Абдуллаұлы Бектібаевтың оқиға кезінде есірткіге мас күйде болғаны анықталды деп мәлімдеді.

«Сараптама ол өзін-өзі өртеу кезінде есірткілік мастық күйде болғанын көрсетті» делінген бас прокуратура бүгін таратқан хабарламада.

Ресми ақпаратта марқұмның таныстары мен туысқандарынан алынған айғақтар бойынша, олар оқиға орнында Ерлан Бектібаевтың өз өтініші бойынша болғаны және жәрдем көрсеткені айтылған.

«Оларға Бектібаевтың тек аяғын өртеу ниеті туралы ғана белгілі болған. Акцияға қатысушылар бейне түсірілімге және өртті сөндіруге жауаптылардың рөлдерін алдын ала бөлген» дейді бас прокуратура.

Бұған қоса, бас прокуратура хабарламасында «22 қазанда ұсталған Ерлан Бектібаевтан жалпы салмағы 285,9 грамм гашиш табылғаны, дәрігерлік тексеру кезінде оның есірткі тұтынғаны анықталғаны» айтылған.

«Тергеу шеңберінде Бектібаев өзі шақыртқан адвокаттың қатысуымен одан табылған есірткі затты сақтағаны жөнінде мойындау айғақтарын берген. Кінәні мойындағанын, сондай-ақ тергеумен ынтымақтастыққа ниет білдіргенін ескере отырып, сол күні, яғни 22-қазанында күдікті тергеушіге келу туралы міндеттемемен үйіне жіберілген» дейді бас прокуратура.

Қазанның 24-і күні Тараздағы «Нұр Отан» партиясы ғимараты алдында өзін-өзі өртеген Ерлан Бектібаев сол күні қалалық ауруханада қайтыс болған. Өзін өртер алдында ол мұндай жағдайға полиция қызметкерін кінәлап мәлімдеме жасаған еді.

Бас прокуратура бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодексінің «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» және «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» баптары бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Ерлан Бектібаевты туыстары қазанның 26-сы күні Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы зиратқа жерледі.

XS
SM
MD
LG