Accessibility links

Лениннің ескерткішін Астанаға қайта қоюды сұрады


ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің кеңсесінде тұрған Ленин мүсіні. Астана, 21 қазан 2015 жыл.
ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің кеңсесінде тұрған Ленин мүсіні. Астана, 21 қазан 2015 жыл.

Коммунистер Лениннің ескерткішін «лайықты жерге қоюды» өтініп, Астана әкімдігіне хат жолдады. Бұл әрекетті «халықты құрметтемеу» ретінде бағалаушылар да бар.

Қазақстан халықтық ​коммунистік партиясы (ҚХКП) большевиктер көсемі Владимир Лениннің Астанадағы «Горкомхоз» мекемесінде қараусыз жатқан ескерткішіне қаладан орын беруді сұрап, Астана қаласы әкімдігіне хат тапсырғандарын хабарлады.

ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің айтуынша, кеше жолданған хатта «атаулы күнде коммунистер гүл шоғын қоятын жер жоқтығы» да баяндалған.

– Қазіргі азаматтар тарихты ұмытып бара жатыр. Мақсатымыз – Лениннің бюстері, ескерткіштері жаман жерде жатса, соны біліп, жинап, дұрыстау жерге орналастыру. Сосын мемориалды кешен ашылса дейміз, – дейді Марат Әубәкіров.

ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің кеңсесінде тұрған Лениннің суреті. Астана, 21 қазан 2015 жыл.
ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің кеңсесінде тұрған Лениннің суреті. Астана, 21 қазан 2015 жыл.

Қазанның 19-ы күні Facebook әлеуметтік желісіне Ленинннің қажетсіз жатқан ескерткіш пен бюстері туралы білетін жандардың хабарласуын өтінген ҚХКП өкілі ол мәселе бойынша әлі ешкімнің тілдеспегенін айтады.

ҚХКП тапсырған хатқа байланысты Астана қаласы әкімдігінің пікірін білу мүмкін болмады.

ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Билікшіл ҚХКП-ның Ленин ескерткіші жайлы ұсынысын биыл тамызда жабылып қалған оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясы (ҚКП) да қолдайды. ҚКП-нің Астана бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Әуесбаев өздерінің де бұған дейін қалалық әкімдікке Лениннің ескерткішін қайта қоюға қатысты бірнеше хат жазып, оның бәріне теріс жауап алғанын айтады.

– Менің жеке ойым – анау-мынау қиын жағдай туса, Лениннің кеңсемізде тұрған үш бюстін оларға (ҚКХП-ге) табыстауға дайынмын. Әрине, «арнайы орын ашып, сол жерде сақтаймыз» десе, – дейді ҚКП-нің Астана бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Әуесбаев.

Коммунистердің Ленин ескерткішін қайта орнату жайлы бастамасына қарсы азаматтар да бар. Солардың бірі саясаттанушы Айдос Сарым ҚХКП-нің Астана әкімдігіне айтқан өтінішін «халықты құрметтемеу» деп бағалайды.

Лениннің орнынан алынған ескерткішінің "Сарыарқа" кинотеатры маңында тұрған кезі. Алматы, 18 қазан 2006 жыл.
Лениннің орнынан алынған ескерткішінің "Сарыарқа" кинотеатры маңында тұрған кезі. Алматы, 18 қазан 2006 жыл.

– Лениннің Қазақстанға жасаған қиянаты, лениндік идеологияның сталиндік идеологияға айналуы, сталиндік-большевиктік жүйенің Қазақстанда жасаған қанды қылмысы – ешқашан кешірілмес, ешқашан ұмытылмас дүниенің бірі. Сондықтан коммунистер [Ленин ескерткішін] үйлеріне апарып қоямын десе, өздері білсін. Ал қала – қоғамдық орта. Қылмыскерді қоғамдық ортаға қойып, оған табыну – қазақ халқын құрметтемеу, – дейді Айдос Сарым.

Большевиктер көсемі Владимир Лениннің 8 тонна қоладан құйылған ескерткіші Целиноград (Астананың бұрынғы атауы) қаласының орталығына 1975 жылы орнатылған. Бұл ескерткіш 1997 жылы 28 мамырда Қазақстан үкіметінің қаулысы бойынша тарихи-мәдени құндылығынан айырылып, кейін орнынан алынған.

Ленин атындағы кейбір көше мен оның құрметіне қойылған ескерткіштер Қазақстанның басқа өңірлерінде де кездесіп қалады. Мәселен, Алматыда да күні бүгінге дейін Лениннің кем дегенде бірнеше ескерткіші сақталған.

XS
SM
MD
LG