Accessibility links

«Жылқы дауы»: сот әкім орынбасарына айыппұл салды


Нұра ауданы әкімінің орынбасарының ісін қараған судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.
Нұра ауданы әкімінің орынбасарының ісін қараған судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Қарағанды облысының Осакаров аудандық соты Нұра ауданы әкімінің орынбасары Хакім Бековтің үстінен «Топ болып алаяқтық жасау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті. Оған дейін бүгінгі сот отырысында судья Талғат Құрманов әкім орынбасарына тағылған айыпты «лауазым өкілетін теріс пайдалану» бабына ауыстырды.

Сот Хакім Бековке мың есе айлық есептік көрсеткіш (екі миллион теңгеге немесе жеті мың долларға жуық) мөлшерінде айыппұл салып, мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот процесіне айыптаушы ретінде қатысқан прокурор Ақжол Ахметов сотталушыны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Ауыл шенеунігінің үстінен қозғалған іс бойынша барлығы онға жуық сот отырысы өткен. Үкімді жариялау бірнеше мәрте кейінге қалдырылғанына байланысты сот «үкім әлі дайын емес» деген уәж айтқан.

Аудан әкімінің орынбасарына қарсы қылмыстық іс Нұра ауданында тұратын фермер Дәулет Жапановтың жемқорлықпен күрес қызметіне берген арызы бойынша қозғалып, сотқа жеткен. Фермер жерді ұзақ мерзімге жалға алу бойынша өткізілген тендерде жеңіп шығатынына уәде еткен Нұра ауданы әкімнің орынбасары өзінен пара ретінде жылқы талап еткені туралы жазған. Бірақ, шенеуніктердің сұраған жылқысын бергенімен өзіне жер тимей қалғанын айтқан фермер кейін полицияға шағымданған. Сонымен бірге осы істе аты-жөні аталған Нұра ауданы әкімінің үстінен сотқа дейінгі өндіріс жеке қозғалып, бірақ кейін тоқтатылған еді.

Оқыңыз: Жылқы дауы: аукционнан соң шенеунікті «алаяқ» деп айыптады

Хакім Беков өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарды. Сотқа куәгер ретінде шақырылған аудан әкімі Құдайберген Бексұлтанов «бұл оқиға туралы ештеңе білмейтінін» айтқан.

XS
SM
MD
LG