Accessibility links

Рафсанжани: 1980-жылдары үрей қаруы жайлы ойландық


Иранның экс-президенті Әкбар Хашеми Рафсанжани.

Иранның экс-президенті Әкбар Хашеми Рафсанжани.

Иран 1980-жылдары Иракпен соғысқан кезде ядролық үрей тудыратын қару жасауды қарастырған. Бұл туралы елдің бұрынғы президенті Әкбар Хашеми Рафсанжанидің сөзіне сілтеп баспасөз құралдары хабарлады.

Иранның Nuclear Hope журналына сұхбатында Рафсанжани ел билігі ядролық бағдарламаның бас кезінде ядролық үрей құралын жасауды қарастырғаны жайлы айтқан. Оның сөзінше, бұл идея іске аспаған.

«Біз енді бастаған кезде соғыс жағдайында едік және жау ядролық қару қолдана қалған күнге дайын болғымыз келген. Біз сол кезде осылай ойладық, бірақ ол ниет іске асқан жоқ» деген Рафсанжани Иранның IRNA мемлекеттік агенттігіне қазанның 27-сі күні берген сұхбатында.

Қазіргі кезде Иран әлемдік державалармен биыл шілдеде қол қойған келісімді жүзеге асыруға кірісті. Бұл келісімнің мақсаты – Тегеран ядролық бағдарламасы арқылы жойқын қаруға ие болғысы келеді деген Батыстың қаупін сейілтуді көздейді. Бірталай уақытқа созылған келіссөздер барысында Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек қана бейбіт мақсатқа арналғаны жайлы айтып келген.

«Біздің доктринамыздың негізі әрдайым бейбіт мақсаттарды ғана көздейтін, бірақ қауіп төнуі мүмкін деген ой басқа жолды таңдауға дайын болуды жадымыздан шығармады» деген Рафсанжани.

1980 жылдан 1988 жылға дейін Иран парламентінің спикері болған Әкбар Хашеми Рафсанжани 1989 жылдан 1997 жылға дейін Иран президенті қызметін атқарған.

XS
SM
MD
LG