Accessibility links

Молдова парламенті үкіметті отставкаға жіберді


Молдова премьер-министрі Валерий Стрелец парламентте тұр. Кишинев, 29 қазан 2015 жыл.

Молдова премьер-министрі Валерий Стрелец парламентте тұр. Кишинев, 29 қазан 2015 жыл.

Молдова парламенті бейсенбі күні үкіметті отставкаға жіберу туралы шешім қабылдады. Дауыс беру барысында 101 депутаттың 65-і Валерий Стрелец басқаратын үкіметке сенімсіздік білдірді.

Парламент депутаттары биліктегі еуропашыл коалиция лидері, Демократиялық партия өкілі Мариан Лупу үкіметке сенімсіздік танытуға қатысты социалистер мен коммунистердің ұстанымын қолдайтынын мәлімдеген соң бұл мәселені дауысқа салуды ұйғарған. Бірақ Лупу аталған екі партиямен бірлесіп жаңа коалиция құру ниеті жоқ екенін мәлімдеген.

Үкіметке сенім мәселесі дауысқа түсіп жатқан кезде социалистерді қолдаушылар коррупцияға қатысты айыптауларға қалған үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп парламент алдында демонстрация өткізген.

Түрлі оппозициялық күштерді жақтайтын бірнеше жүз адамның елде кезектен тыс сайлау өткізуді талап етіп, Кишиневтің орталығында шатыр тігіп жатқанына екінші айға ұласқан.

Биліктегі еуропашыл коалиция арасына жік түсуіне коалициядағы негізгі саяси күш – Либералды-демократиялық партия лидері болған бұрынғы премьер-министр Влад Филатқа қатысты коррупциялық жанжал себеп болған. Қазанның 15-і күні ол «260 миллион доллар пара алған» деген күдікпен қамауға алынған. Пара алуды 2014 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Молдовадағы үш банктен қолды болған бір жарым миллиард долларға қатысты іспен байланыстырады.

Филаттың жақтастары экс-премьердің үстінен қылмыстық іс қозғап, «қудалауды қолдан ұйымдастыруға» қатысы бар деп демократтардың демеушісі Влад Плахотнюкті айыптайды.

XS
SM
MD
LG