Accessibility links

Башқұртстанда блогер үш жылға сотталды


Башқұртстандық оппозициялық блогер әрі публицист Роберт Загреев.
Башқұртстандық оппозициялық блогер әрі публицист Роберт Загреев.

Башқұртстан астанасы Уфа қаласында сот бейсенбі күні белгілі блогер әрі оппозицилық көзқарастағы публицист Роберт Загреевті үш жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, блогердің ісін қараған Мәскеу округтік әскери сотының көшпелі сессиясы оны «террорлық іс-әрекетті жүзеге асыруға шақырғаны үшін айыпты» деп таныған.

Загреевке мемлекет тарапынан тағайындалған адвокат Илдар Тоқтаров «жақын күндері апелляциялық шағым берілетінін» ғана айтып, үкімге қатысты түсінік беруден бас тартты.

Роберт Загреев 2012 жылы күзде «иелігіндегі интернет парақшасына» башқұрт оппозициялық саясаткері Айрат Дилмұхаметов «Ақыр Заман» атты мақаласын басқаны үшін жауапқа тартылған. Айыптау қортындысында ол мақала «Ресей федерациясының конституциялық құрылымын қарулы революциялық жолмен күштеп өзгертіп, дербес Башқұртстан мемлекеттік құруға шақыратыны» айтылған.

2013 жылы наурызда прокуратура талабы бойынша Уфаның Киров аудандық соты «Ақыр Заман» мақаласын экстремистік мақала деп таныған. 2015 жылы наурызда Айрат Дилмұхаметов «жария түрде терроризмге шақырған» деген айыппен сот үкімі бойынша үш жылға бас еркіндігінен айрылған. Оны сотта қорғаған уфалық адвокат Всеволод Лебединцев мақалада «билікті қарулы жолмен төңкеру жайлы ешқандай үндеу жоқ» деп мәлімдеген.

Сот процесі кезінде Роберт Загреев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және өз иелігіндегі интернет парақшаларына «Ақыр Заман» мақаласы жарияланбағаны жайлы мәлімдеген. Қазанның 29-ы күні соттағы соңғы сөзінде Загреев өзіне қарсы істі «саяси тапсырыс» деп атаған.

«Бұл істің желісі өте қарабайыр – бұл менің 2012 жылы 18 ақпанда президент Хамитов қатысқан Уфа қаласы мэрінің инаугурациясында қалалық кеңес мінберіне шығып, мэрлерді тіке сайлау жүйесін енгізуді талап етіп сөйлегенім үшін кек қайтару» деп мәлімдеген ол.

XS
SM
MD
LG