Accessibility links

Күдікті Ермегияевтің туысының көлігі аресте қалды


«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев.
«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев.

Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы, коррупция қылмысына қатысты күдікпен үйқамақта отырған Талғат Ермегияевтің бауыры Азат Ермегияевтің иелігіндегі автокөлікке арест салу туралы қаулыны күшінде қалдырды.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Талғат Ермегияевке қатысты тергеу ісі аясында Porshe Panamera маркалы автомашинаға бірінші сатыдағы сот шешімімен шілденің 1-і күні арест салынған.

Апелляциялық сот өз шешіміне негіз ретінде даулы көліктің тергеу материалдарында «Талғат Ермегияев қылмыстық іс-әрекет жасаған деген болжамды кезеңде сатып алынғаны» туралы айтылғанын көрсеткен. Сот қаулысында аталған автокөлік «күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде» сатып алынған болуы ықтимал делінген.

Талғат Ермегияев биыл маусымда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен босатылған соң бірнеше күннен кейін қылмысқа күдікті ретінде ұсталып, сот шешімімен үйқамаққа алынған. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ермегияевтің «4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленді» деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.

XS
SM
MD
LG