Accessibility links

Белсенді Біләлов үстінен іс қозғалғанын айтты


Астаналық белсенді Болатбек Біләлов.

Астаналық белсенді Болатбек Біләлов.

Астана полициясы бүгін жергілікті қоғамдық белсенді Болатбек Біләловтің үйіне тінту жүргізген және белсендіге үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

«Таңертең үйіме келген полиция өкілдері тінту жүргізуге берілген қаулыны көрсетіп, менің үстімнен Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Олардың айтуынша, қылмыстық істі қозғауға әлеуметтік желілерде мен жариялаған жазбаша және видеоматериалдар негіз болған» дейді ол.

Біләловтің айтуынша, бірнеше сағат тінту жүргізген соң полиция оның үйінен кейбір құжат-қағаздарды, электрондық деректер сақталған компьютер, IPad, мобильдік телефон және басқа заттарын алып кеткен.

«Полицейлер маған Facebook, YouTube әлеуметтік желілерде жариялаған «орыс фашизмі», «қазақ ұлтшылдығы», «Щебскладтағы оқиға хроникасы» туралы және т.б. материалдарыма қатысты тергеу амалдары басталғанын айтты» деді белсенді.

Біләловтің сөзінше, полиция әзірше оған ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмағанын айтқан және қазір жүріп жатқан тергеуге шақырту алған жағдайда жауап беруге баруға тиіс екенін ескерткен.

Болатбек Біләловтің ісіне қатысты сауал қойған Азаттық тілшісінен сәлден соң хабарласуды сұраған Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Софья Қылышбекова кейін телефон тұтқасын көтермеді.

Болатбек Біләлов Астанада сүрілуге жатқызылған үйлері орналасқан жер теліміне төленетін өтемақы сомасына келіспейтін тұрғындардың мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал. Сонымен бірге ол улы гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының мүшесі.

XS
SM
MD
LG