Accessibility links

АҚШ Сирияға арнайы жасақ тобын жібереді


Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест америкалық әскерилердің Сирияға баратыны туралы хабарлап тұр. Вашингтон, 30 қазан 2015 жыл.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест америкалық әскерилердің Сирияға баратыны туралы хабарлап тұр. Вашингтон, 30 қазан 2015 жыл.

АҚШ арнайы мақсаттағы жасағының елуге жуық сарбазын Сирияға жөнелтпек. Олар елдің солтүстігінде, күрдтер бақылауындағы аумаққа орналасады деп хабарлады жұма күні Пентагон өкілдері.

Америкалық әскерилер «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына қарсы күресіп жатқан күрд жасағы бөлімшелерінде кеңесші қызметін атқаратын болады. Сонымен бірге болашақта Сирия жерінде ИМ-ге қарсы арнайы операцияларға жұмылдырылуы мүмкін деп мәлімдеген Пентагон басшысы Эш Картер.

Ақ үйдің Сирияға бірнеше ондаған әскери жіберу туралы шешімі АҚШ стратегиясындағы бетбұрысты білдіреді. Бұған дейін президент Барак Обама АҚШ сарбаздары Сириядағы құрлықтағы операцияларға қатыспайтыны және ол елдің аумағына орналаспайтыны туралы мәлімдеген. АҚШ Сириядағы ИМ тобына қарсы тек әуе операцияларын жүргізіп, сириялық оппозиция күштеріне дайындықтан өтуге көмектескен. Бірақ оппозициялық топ мүшелерін жаттықтыру нәтижесіз болды деп танылған соң АҚШ оларды дайындауды тоқтатқан.

АҚШ өкілдері арнайы мақсаттағы әскери бөлімшелерінен Сирияға қосымша күш жіберілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ақ үйдің Капитолийдің мақұлдауын алмай Сирияға әскер жіберуін конгресс мүшелері әрқилы қабылдады. Олардың кейбіреуі АҚШ Сирия жанжалына килігіп, соғысқа шырмалып қалады деген қауіп айтса, өзге біреулері, мәселен, сенатор Джон Маккейн бұны шалағай шешім деп бағалады.

XS
SM
MD
LG