Accessibility links

Мәскеуде украин кітапханасы басшысын үйқамаққа алды


Мәскеудегі украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шарина сотта отыр. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл.

Мәскеудегі украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шарина сотта отыр. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл.

Мәскеудің Таган аудандық соты жұма күні қаладағы украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шаринаны желтоқсанның 27-іне дейін үйқамақта ұстау туралы шешім шығарды.

Шаринаның адвокаты Евгений Смирновтың айтуынша, сот Ресей тергеу комитетінің өтінішін қанағаттандырған.

Бұған дейін прокуратура Наталья Шаринаны үйқамақта ұстау туралы тергеу комитетінің ұсынысына қарсылық білдірген.

Наталья Шарина өзіне тағылған «экстремистік әдебиет» туралы айыпты мойындамайды. «Мен заңға қайшы ештеңе жасаған жоқпын» деген Шарина кітапхана қызметкерлері «кітаптарды мұқият зерттеп, олардың қайсыбірі экстремистік әдебиет тізіміне енгізілген болса, оны дереу кітапхана қорынан алып тастайтынын» айтқан.

Өткен сәрсенбіде Мәскеуде тінту жүргізілген украин әдебиеті кітапханасынан Ресейде экстремистік материал деп танылған кейбір кітаптар алынғаны хабарланған.

Бұл іске жергілікті муниципалдық орган депутаты Дмитрий Захаровтың аталған кітапханадан «экстремистік әдебиет тапқаны» туралы мәлімдемесі негіз болған. Депутат кітапхана басшылығын «украинашыл және русофобтық көзқараста» деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG