Accessibility links

АҚШ сенаторы Кардин тұтқын Козловтың мәселесін қозғауға шақырды


Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде 2015 жыл.

Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде 2015 жыл.

АҚШ конгресі сенатының мүшесі Бен Кардин АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриге хатында Орталық Азиядағы демократия мен адам құқықтарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, алдағы сапары кезінде осы мәселелерді айтуын сұраған. Ол Орталық Азия елдерінде оппозициялық саяси лидерлер, дін қайраткерлері, құқыққорғаушылар мен журналистер түрмеде отырғанын еске салған.

«Аймаққа маңызды сапар кезінде сыртқы істер министрлерімен кездесу барысында сізден саяси тұтқындар туралы мәселе көтеріп, біздің жалпыға ортақ демократиялық принциптерге берік екенімізді танытуға шақырамын» деген Кардин.

АҚШ сенаторы өз хатында Қазақстанда оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың саяси астармен абақтыда отырғанын атап көрсеткен.

«Бұрынғы оппозициялық партия жетекшісі, журналист Владимир Козлов саяси астары бар айып бойынша 2012 жылы түрмеге қамалды. Арасында Human Rights Watch, Freedom House және халықаралық ПЕН-клуб та бар беделді халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар Козловқа тағылған айыптарға дәлелдер жоқ екені жайлы мәселе көтерген. Сонымен бірге Козлов сот үкіміне апелляциялық шағымды қарау үрдісі кезіндегі заң ережелерінің бұзылғаны жайлы дерек-дәйек келтіргенімен, Қазақстан Жоғарғы соты оның өтінішін бұрынғысынша елеусіз қалдырды» деп жазған Бен Кардин.

АҚШ мемлекеттік хатшысына хатында сенатор Кардин Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан елдерінде түрмеге қамалған құқыққорғаушылар мен саясаткерлердің аты-жөнін келтіріп, «күмән туғызатын айыптар бойынша сотталған олардың қапаста үнемі қысым көріп жатқанын» жазған. Хат авторы Джон Керриді Орталық Азияға сапарында аймақтағы саяси тұтқындар ісін табанды түрде көтеруге шақырған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бүгін Орталық Азиядағы бес мемлекет - Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға сапарын бастайды.

Қазақстандық тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік алауыздық туғызды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары оны «саяси тұтқын» деп таныған.

Козловты тұтқыннан босатуға шақырғандар арасында бірқатар халықаралық ұйымдар мен Еуропарламент депутаттары бар.

XS
SM
MD
LG