Accessibility links

Барлау: Синайдағы A321 апаты бомба жарылысынан болуы мүмкін


Апатқа ұшыраған Airbus A321 ұшағының сынықтары. Египет, 1 қараша 2015 жыл.

Апатқа ұшыраған Airbus A321 ұшағының сынықтары. Египет, 1 қараша 2015 жыл.

АҚШ пен Еуропа Одағының (ЕО) арнайы қызметтеріндегі дереккөздердің айтуынша, кейбір мәліметтер Египеттің Синай түбегінде Ресей жолаушылар ұшағының құлауына «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырларының ұшақ бортына жасырған бомбасы себеп болуы мүмкін екенін көрсетеді.

«Ұшақтың жүк салатын бөлігіне немесе бортта бомба жасырылған деген күдік бар» деген АҚШ билігінің өкілі CNN телеарнасына сұхбатында. Оның сөзінше, мұндай тұжырым жасауға қолға түскен байланыс деректері себеп болған. Егер бұл болжам расталса, онда бұл оқиға ИМ тобының жолаушылар ұшағына жасаған алғашқы шабуылы ретінде танылмақ. Бірақ барлау қызметтеріндегі дереккөздер шабуыл жасауға ИМ тобының Раккадағы жетекшілері бұйрық берді дегенге сенбейді. Арнайы қызметтегілер бұл шабуылды Синай түбегіндегі ИМ-мен байланысы бар, бірақ дербес әрекет ететін топ жасаған болуы мүмкін деп топшылайды.

Қазанның 31-і күні ресейлік «Когалымавиа» компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы Синай түбегіне құлап, ұшақтағы 224 адам түгел қаза болған.

Осы түбектің солтүстік бөлігінде содырлар біраз уақыттан бері күрес жүргізіп келеді және олардың шабуылдарынан осы кезге шейін египеттік жүздеген әскери және полиция қызметкерлері қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG