Accessibility links

Протестанттың сотында прокурорға қарсылық білдірді


«Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасов сот залында. Астана, 9 қазан 2015 жыл.
«Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасов сот залында. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Астанада бүгін протестанттық «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі, «діни алауыздық тудырды» деп айыпталған Ықылас Қабдуақасовтың соты жалғасты. Бүгінгі сот отырысында тараптар жарыссөзге көшіп, үкім шығуы тиіс еді. Бірақ, Азаттық тілшісінің хабарлауынша, прокурор сотқа дейінгі тергеу материалдарын жария етуден бас тартқандықтан, сотталушының адвокаты Гүлнар Шалдықова прокурорға қарсылық білдірді.

Сот басталар кезде адвокат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Сотқа дейінгі тергеу материалдарын жариялау туралы» қаулысын оқуды сұраған. Бірақ прокурор қылмыстық-процессуалдық кодекске сілтеме жасап, оны оқудан бас тартқан. Прокурорға қарсылық білдірген адвокат ҰҚК бұл істе «құпия мәлімет жоқ» деп тапқанын айтады.

Судья қазір прокурорға қарсылық өтінішіне қатысты шешім шығару үшін сотта үзіліс жариялап, кеңесуге шығып кетті.

«Прокурор менің қылмысқа айғақ деректерді зерттеу туралы өтінішімнен себебін түсіндірместен бас тартты. Қорғауымдағы адамға аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылып отырғандықтан мен барлық айғақтың қылмыстық-процессуалдық кодекске сай келетінін тексеруім керек» деді Азаттыққа адвокат Шалдықова.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған. Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG