Accessibility links

Прокурор Ықылас Қабдуақасовқа жеті жыл кесуді сұрады


Ықылас Қабдуақасов, "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің мүшесі. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Ықылас Қабдуақасов, "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің мүшесі. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Астанада өтіп жатқан протестанттық «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі, «діни алауыздық тудырды» деген айып тағылған Ықылас Қабдуақасовтың ісі бойынша сотта бүгін жарыссөз болды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгінгі сот отырысында прокурор соттан Қабдуақасовты «діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор бұған қоса сот шығындарының орнын толтыру үшін Қабдуақасовтан мемлекет пайдасына 150 мың теңге көлемінде айыппұл өндіріп алуды да сұрады.

Айыптау тарапы сот процесі жеті эпизод бойынша өтіп, бес-алты адамнан жауап алынғанын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Петров» деген бүркеншік есімді қызметкері сұралғанын, айғақ ретінде аудио және видеожазбалар тыңдалып, көрілгенін айтты.

Ықылас Қабдуақасовтың адвокаты Гүлнар Шалдықова судьядан қорғауындағы адамды ақтауды сұрады. Сөз берілген Қабдуақасов өзін «кінәлі санамайтынын» айтып, ҰҚК қызметкерінің өзіне «қоқан-лоқы жасағанын» жеткізді. Қабдуақасов сотта сөйлеп тұрып, өзі ұсталған кезде туған баласын әлі көрмегенін айтып көңілі босап жылап жіберді.

Сотқа Қабдуақасовтың ұлы, қолдаушылары мен бір құқыққорғаушы қатысты.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған. Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Оның адвокаты сот үкімі келесі аптада жариялануы мүмкін екенін айтады.

XS
SM
MD
LG