Accessibility links

Египет: террормен күресті күшейту жайлы үндеуімізді елемеді


Шарм-эш-Шейх әуежайында ұшаққа отыруға кезекте тұрған британдық және ресейлік туристер. Египет, 6 қараша 2015 жыл.

Шарм-эш-Шейх әуежайында ұшаққа отыруға кезекте тұрған британдық және ресейлік туристер. Египет, 6 қараша 2015 жыл.

Египет Синай түбегіне құлаған ресейлік ұшақ апатына исламшыл экстремистердің қатысы болуы мүмкін деген хабарлар тарап отырған шақта Каирдің терроризмге қарсы белсендірек күресуге шақыруын елеусіз қалдырғаны үшін шетелдік әріптестерін сынға алды.

Египет сыртқы істер министрі Самех Шукри бүгін Египет ұшақ апатының себебіне қатысты әлі кесімді байлам жасамағаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, тергеу жүріп жатқан кезеңде айтылған жорамал-долбарлардың ешқайсысын айқын шындық деуге келмейді.

Ұшақ бомба жарылысы нәтижесінде құлаған болуы мүмкін деген болжамға байланысты ол шетелдік барлау қызметтерінің ресейлік ұшақ апаты себебін анықтау үшін Египетпен бірлесіп тексеру жүргізбегенін айтқан.

31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бара жатқан Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 224 адам түгел қаза тапқан. Апат себебін тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жұма күні Ресей ұшақ апатының себебі анықталғанша Египетке тұрақты әуе рейстерін уақытша тоқтатты.

Бұған дейін Ирландия, Ұлыбритания мен Нидерландтың, ал оның алдында Германияның Lufthansa және Францияның Air France-KLM әуе компаниялары ресейлік ұшақ апатына оған қойылған бомба жарылысы себеп болуы мүмкін деген күдікке байланысты Шарм-эш-Шейхқа әуе қатынасын уақытша тоқтатқан. Әзірше бомба жарылысы туралы болжамды ешкім ресми түрде растаған жоқ.

Ресейде қызметіне тыйым салынған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Синайдағы ресейлік ұшақтың апатына жауапкершілікті өз мойнына алатынын осы кезге дейін екі рет айтқан.

XS
SM
MD
LG