Accessibility links

Египет тергеушілері: ұшақ апаты кезінде қатты шу естілген


Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Синай түбегіне құлаған ресейлік жолаушылар ұшағы апатын тексеру үшін Египет құрған комиссия жетекшісі Айман әл-Мукаддам, жұма күні Каирде баспасөз мәслихатында, әуеде автопилоттың басқаруымен ұшып бара жатқан ұшақ жерден көтерілгеннен кейін 23 минут өткенде апатқа ұшырағанын айтқан. Оның сөзінше, «қара жәшікте» апаттың соңғы секундтарында болған қатты шу жазылып қалған. Ұшақ қалдықтарының жер бетінде 13 шақырымдай аумаққа шашырап түсуі «ұшақтың әуеде бөлшектеліп кеткенін көрсетеді» дейді Мукаддам.

Апатқа ұшыраған ұшаққа қатысы болған Шарм-эш-Шейх әуежайындағы қызметкерлерден жауап алынып жатыр деп хабарлады Associated Press өз дереккөздеріне сілтеме жасап.

Египет тергеушілері Шарм-эш-Шейх әуежайындағы бейнебақылау камераларындағы мәліметтерді саралап, ондағы жазбалардан апатқа ұшыраған 9268-рейсіне байланысты полицейлердің немесе әуежай қызметкерлерінің күдік туғызатын іс-әрекетінің бар-жоғын тексеріп жатыр деп хабарлайды Reuters.

Бұған дейін АҚШ және Ұлыбритания барлау қызметтері, өздері анықтаған экстремистер хабарламаларын сараптау негізінде, ресейлік Airbus A321 жолаушылар ұшағында бомба жарылған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бірақ Мәскеу ондай болжамдарды қабылдамайтынын мәлімдеген. Жұма күні Египет сыртқы істер министрі Самех Шукри ұшақ апатының себебіне қатысты Каирдың әлі кесімді байлам жасамағаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, тергеу жүріп жатқан кезеңде айтылған жорамал-долбарлардың ешқайсын айқын шындық деуге келмейді.

31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бара жатқан Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 224 адам түгел қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG